Қаламыздың тазалығы – әрбір тұрғынның жауапкершілігі

Құлсары қаласында санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері қалалық әкімдік мамандары мен полиция қызметкерлері бірлесіп, қала аумағында рейдтік шаралар ұйымдастырып келеді. Негізгі мақсат – қоғамдық тәртіпті нығайту, аумақтардың санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыру. Жүргізілген тексерулер барысында барлығы 449 нысан араланып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі талаптарын бұзған 228 тұрғынға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Атап айтқанда, Кодекстің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес 216 тұрғынға ескерту жасалса, 2-бөлігі бойынша 12 тұрғынға жалпы сомасы 902 355 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 513 106 теңге өндіріліп, орындалу көрсеткіші 58 пайызды құрады. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Мамандар тарапынан 221 тұрғынға ауызша ескерту беріліп, оның орындалу деңгейі 70 пайызға жетті. Бұл – профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
          Жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде бірқатар нысандардың аумағы тазартылып, ретке келтірілді. Қоқысты белгіленбеген орындарға тастау, құрылыс қалдықтарын бей-берекет үйіп қою, аула аумақтарын күтіп ұстамау сынды заңбұзушылықтар азайып келеді. Тазалық – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігінің айғағы. Қаланың көркеюі мен қолайлы орта қалыптастыру ісіне барша жұрт болып атсалысу – ортақ міндет. Тәртіп пен тазалықты сақтау арқылы біз туған қаламыздың бүгінгі келбетін жақсартып қана қоймай, келер ұрпаққа үлгі боларлық орта қалыптастырамыз.
 
 
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026