Жауапкершілік жүгін арқалаған Несібелі

Маусым айының әр үшінші жексенбісі – адам жанының арашашысы болып жүрген ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі. Бұл мереке күн демей, түн демей халық денсаулығын күзетіп, жауапкершілігі мол мамандықтың жүгін арқалап жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне көрсетілетін құрметтің белгісі. Осындай игі істің алдыңғы қатарында жүріп, аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауға сүбелі үлес қосып жүрген мамандардың бірі – аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-инфекционист Несібелі Төлеуова.

 Несібелі Қайратқызы 1989 жылы энергетиктер отбасында дүниеге келген. Бүгінде ол отбасында аяулы ана, ардақты жар. Жолдасы мұнай саласында еңбек етеді. Ерлі-зайыптылар бір қыз бен төрт ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Бала күнінен адам жанына араша болатын дәрігер мамандығын таңдауды армандаған Несібелі Қайратқызы 2012 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетін тәмамдаған. Кейін 2013 жылы интернатураны Атырау қаласындағы облыстық ауруханада өтіп, алғашқы еңбек жолын туған жерінде бастау үшін аудандық аурухананың табалдырығын аттайды. Сол кезеңде ауданда инфекционист мамандар тапшы болса керек. Жас маманның білімге деген құштарлығы мен жауапкершілігін байқаған мекеме басшылығы оны бірден Алматы қаласындағы АГИУВ институтына жолдап, инфекционист дәрігер мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткізеді. Арнайы білім алып оралған дәрігер содан бері аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында табанды еңбек етіп келеді. 

–Қазіргі таңда дәрігер аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімін басқарады. Инфекционист маманның жұмысы – медицинадағы ең күрделі әрі қауіпті салалардың бірі. Себебі бұл маман түрлі жұқпалы аурулармен күресіп, олардың таралуының алдын алу бағытында да жауапты қызмет атқарады. Оның сөзінше, жұқпалы аурулар бөлімшесі 35 төсек-орынға арналған. Мұнда балалар мен ересектерге бірдей медициналық көмек көрсетіледі. Бөлімде вирустық инфекциялар, жедел ішек инфекциялары, қызылша, желшешек, жоғары тыныс жолдарының аурулары, соның ішінде ларингит пен пневмония, сондай-ақ гепатит, менингит және аса қауіпті жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастар ем қабылдайды. Ал мұнда келетін науқастардың көпшілігі ауыр жағдайда жеткізіледі. «Сондықтан әрбір науқастың өмірі үшін күресу – медицина қызметкерлерінің күнделікті міндеті»,- дейді Несібелі Төлеуова өз сөзінде. Сондай-ақ ол: – Біздің басты мақсатымыз – науқастың сауығып шығуына бар күш-жігерімізді салу. Кейде ауыр хәлде түскен науқастардың ем алып, аяққа тұрып, отбасына аман-есен оралғанын көру – дәрігер үшін ең үлкен марапат. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан мен үшін адам өмірін сақтап қалудан, оларға көмектесуден, дертіне шипа тауып беруден асқан бақыт жоқ, – дейді өз сөзінде.

 Әрине, әріптестері арасында іскерлігімен, кәсіби біліктілігімен және адамгершілік қасиеттерімен құрметке ие болған дәрігер аудан тұрғындарының да алғысына бөленіп келеді. Оның еңбек жолы – жастарға үлгі, ал адам денсаулығына деген адалдығы мен жауапкершілігі нағыз дәрігерге тән қасиеттердің жарқын көрінісі. Кәсіби мереке қарсаңында ол ауданның барша медицина қызметкерін құттықтай отыра:

– Осындай аса жауапты, адам өміріне араша түсетін ең ауыр мамандықта қызмет етіп жүрген барша әріптесімді кәсіби мерекеміз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға береке, зор денсаулық, еңбекте табыс, төзімділік пен күш- қайрат, әр күндеріңізді қуанышқа бөлейтін шаттық тілеймін. Қашан да емдеріңіз шипалы болып, халық алғысына бөленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!-дейді ақжарма тілегін жеткізіп. 

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT