Медицина қызметкерлері күніне орай Атырауда «Өз денсаулығыңды тексер» атты ашық есік күні ұйымдастырылып, тұрғындар тегін медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік алды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Акция аясында медициналық топ «Атырау», «Насиха», «Мұрагер», «Көктем», «Инфинити», «Kiwi» және «Тамаша» сауда орталықтарында тұрғындарды қабылдап, профилактикалық тексерулер жүргізді.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындар арасында аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, денсаулық көрсеткіштерін бақылаудың маңызын түсіндіру және халықтың профилактикалық тексерулерге деген қызығушылығын арттыру.
№1 қалалық емхананың профилактика бөлімінің психологы Элеонора Доскариеваның айтуынша, акция барысында келушілерден қан сынамасы алынып, экспресс-тест жолақтары арқылы қандағы қант пен холестерин деңгейі анықталды.
– Сонымен қатар тұрғындарға адам папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы вакцина мен басқа да екпелердің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ емхана жанындағы Денсаулық мектептерінің қызметі туралы ақпарат беріліп, тұрғындар салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бағдарламалармен таныстырылды, – деді ол.
Махамбет ауданының тұрғыны Ұлболсын Сауықова да ашық есік күніне қатысып, денсаулығын тексеруге мүмкіндік алғанын айтты.
– Осындай акциялардың ұйымдастырылғаны өте жақсы. Қан құрамындағы қант пен холестерин деңгейін тегін тексертіп, дәрігерлерден кеңес алдым. Өз денсаулығымызды бақылап жүру өте маңызды. Осындай игі бастамалар жиі өткізілсе екен, – деді ол.




