Жуырда аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың төрағалығымен 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында аудандық орталық аурухананың атқарған жұмыстарының қорытындысына арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық орталық аурухананың басшысы, сондай-ақ жауапты бөлімдердің мамандары қатысты. Жиында денсаулық сақтау саласындағы алғашқы жартыжылдықта жүзеге асырылған жұмыстар жан-жақты сараланып, нәтижелер мен өзекті мәселелер талқыланды.
Жиын барысында аудандық орталық аурухананың басшысы Асулан Абдрахманов 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша бүгінде аудандық орталық ауруханаға 71 324 тұрғын тіркелген. Медициналық мекемеде жалпы 970 қызметкер еңбек етеді. Оның 203-і бала күтіміне байланысты демалыста. Қазіргі таңда офтальмолог, реабилитолог дәрігер, акушер-гинеколог, анестезиолог, фтизиатр, психиатр-нарколог, гастроэнтеролог, пульмонолог, педиатр және аллерголог мамандарына сұраныс жоғары. Дегенмен кадр тапшылығын азайту мақсатында үш жалпы тәжірибелік дәрігер мен бір акушер-гинеколог қызметке қабылданған.
Демографиялық ахуалға тоқталған аурухана басшысы Асулан Абдрахмановтың айтуынша, өткен жылдың алғашқы алты айында ауданда 806 сәби дүниеге келген. Ал биылғы жылдың осы кезеңінде 703 нәресте өмір есігін ашқан. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының жұмысы да назарға алынды. Аудан бойынша сырқаттануына байланысты 25 мыңнан астам тұрғын медициналық көмекке жүгінсе, биыл бұл көрсеткіш 24 мыңнан асқан. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін медициналық қызмет көлемі де артқан. Былтыр 2 493 адам медициналық көмек алған болса, биыл олардың саны 2 681-ге жеткен.
- Қазіргі кезде аудан тұрғындары скринингтік тексеруден тұрақты түрде өтіп келеді. Нәтижесінде қан айналымы жүйесі аурулары бойынша 4 293 адам тексеріліп, олардың 149-ынан ауру белгілері анықталды. Соның ішінде 133 адам диспансерлік есепке алынды. Ал қант диабетіне қатысты 3 982 тұрғын скринингтен өтіп, 25 адамнан ауру анықталып, 7 адам диспансерлік бақылауға қойылған. Бұдан бөлек, жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында 1 317 адам тексеріліп, 80 адамнан патологиялық өзгерістер анықталған. Ал тоқ және тік ішек қатерлі ісігіне жүргізілген скрининг барысында 3 633 адам қаралып, 43 тұрғыннан күмәнді өзгерістер табылып, олардың 3-і диспансерлік есепке алынды,-дейді аудандық орталық аурухананың басшысы Асулан Абдрахманов.
Қазіргі таңда ауданда онкологиялық аурулар бойынша 488 науқас диспансерлік есепте тұр. Биылғы жылдың екінші тоқсанында жүргізілген тексеру нәтижесінде алғаш рет 40 тұрғыннан қатерлі ісік дерті анықталған. Оның ішінде сегіз науқаста аурудың III сатысы тіркелген. Сондай-ақ аурухана басшысы медициналық қызметтің сапасын арттыру және кері байланысты күшейту мақсатында аурухана мен емхана ғимараттарына арнайы QR-кодтар орналастырылғанын атап өтті. Бұл жүйе арқылы тұрғындар медициналық қызметке қатысты арыз-шағымдарын, ұсыныстары мен алғыстарын жолдай алады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында пациенттерден 151 арыз-шағым келіп түскен. Әрбір өтініш бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданған. Анықталған кемшіліктерді жою және олардың қайталануына жол бермеу мақсатында медицина қызметкерлерімен түсіндіру және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұдан бөлек аудандық орталық ауруханада 2025 жылдан бері магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты халық игілігіне қызмет етіп келеді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы алты айында компьютерлік томографиядан 5 626 адам, ал магниттік-резонанстық томографиядан 615 тұрғын өткен. Хирургия бөлімінің жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері бөлімшеде 414 науқасқа ем көрсетіліп, 351 хирургиялық ота жасалған. Ал травматология бөлімінде 377 пациент ем қабылдап, 178 ота сәтті орындалған. Аудандағы жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2024 жылдың желтоқсан айында аудандық кардиоорталығы өз жұмысын бастаған болатын. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша орталықта 140 күрделі ота жасалып, 37 пациентке жүрек қантамырларына стент орнату операциясы жүргізілген. Баяндама барысында аудандық орталық аурухананың басшысы алдағы кезеңге жоспарланған негізгі міндеттерге де тоқталды. Оның айтуынша, биыл аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, аудан көлемінде нейрохирургиялық оталарды енгізу, госпитальдық фармация бөлімшесін ашу, озық тәжірибе орталығын іске қосу, сондай-ақ «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығындағы жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, орталықтың жұмысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында шешімін күткен мәселелер де бар. Соның бірі – жаңа аудандық аурухананың кәріз жүйесін орталық кәріз желісіне қосу. Бұдан бөлек, тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Теміржол», «Болашақ» және «Оңтүстік аэропорт» шағын аудандарында орталық емханаға қарасты филиалдар салу, сондай-ақ Тұрғызба елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысын жүргізу қажеттігі айтылды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жұмабек Қаражанов баяндама барысында көтерілген мәселелердің барлығы жіті назарға алынатынын айтты. Сонымен қатар тұрғындармен кері байланысты күшейту мәселесіне ерекше тоқталды. Аудан басшысының айтуынша, соңғы уақытта кейбір тұрғындар өз өтініштері мен арыз-шағымдарын жолдағанымен, дер кезінде нақты жауап ала алмай жүргенін жеткізуде. Осыған байланысты ол жауапты сала мамандарына тұрғындардың өтініштеріне жедел әрі нақты жауап беруді тапсырды.
– Қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі Telegram платформасын белсенді пайдаланады. Бүгінде оған шамамен 6 мыңға жуық адам тіркелген. Сондықтан сол жерге келіп түскен әрбір сауал назардан тыс қалмауы тиіс. Әр мәселеге нақты жауап беріліп, оның шешілу жолы немесе қандай себеппен шешілмейтіні ашық түсіндірілгені жөн. Ең бастысы – тұрғындарды ұзақ күттірмей, уақытылы жауап беру қажет. Осыны қаперлеріңізге алуды сұраймын,-деді аудан әкімі.
Өз сөзінде аудан басшысы мемлекеттік мекемелердің басты міндеті – халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнатып, әрбір тұрғынның өтінішіне жауапкершілікпен қарау екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелердің шешілу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
А.Мейрамбайқызы



