Соңғы уақытта аудан аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының жұқпалы аурулары, оның ішінде бруцеллез ауруы жыл сайын тіркеліп келеді. Үй жануарларынан адамға жұғатын аурулардың алдын алу, олардың адам денсаулығына тигізетін қаупі мен экономикалық шығындары туралы ветеринария мамандары тарапынан тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бруцеллез – ауыл шаруашылығы жануарлары мен адамдарға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Аурудың қоздырғышы – бруцелла бактериясы. Бруцеллезбен ірі қара, қой, ешкі, түйе және басқа да жануарлар ауырады.
Жануарларда бруцеллез көбінесе буаз малдың іш тастауы, шуының түспеуі, эндометрит, орхит және төл алу көрсеткіштерінің төмендеуі арқылы байқалады. Ауру мал инфекцияның негізгі көзі болып табылады. Қоздырғыш сыртқы ортаға малдың сүті, несебі, нәжісі, төлдеу кезінде бөлінетін бөлінділері арқылы таралады.
Бруцеллез адамға ауру малмен тікелей байланыс жасағанда, мал төлдету кезінде, сондай-ақ қайнатылмаған сүт пен сүт өнімдерін пайдаланғанда жұғуы мүмкін. Адамдарда ауру дене қызуының көтерілуімен, қатты тершеңдікпен, әлсіздікпен, буын және бұлшықет ауруларымен сипатталады.
Бруцеллездің алдын алу үшін:
малды ветеринариялық есепке қойып, уақытылы диагностикалық зерттеулерден өткізу;
ветеринария мамандарының рұқсатынсыз малды сатып алмау және шаруашылыққа әкелмеу;
жаңадан әкелінген малды жеке ұстап, ветеринариялық тексеруден өткізу;
шикі сүтті пайдаланбау, сүтті міндетті түрде қайнатып ішу;
ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажет.
Мал иелері ветеринариялық мамандардың ұсынымдарын орындап, жануарларды уақытылы тексеруден өткізу арқылы өз шаруашылығын ғана емес, отбасы мүшелерінің денсаулығын да қорғай алады.
Ветеринариялық талаптарды орындамаған жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Бруцеллездің алдын алу – әрбір мал иесінің ортақ міндеті. Өз денсаулығыңыз бен мал шаруашылығыңыздың амандығы үшін ветеринариялық талаптарды сақтайық!
Б.Дүшімова,
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің
Жылыой аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы




