Ішек инфекциясынан сақ болыңыз!

Жаз мезгілі – түрлі жұқпалы аурулардың, соның ішінде ішек инфекцияларының жиілейтін кезеңі. Мамандардың айтуынша, күннің қатты ысуы бактериялардың тез көбейіп, аурудың кең таралуына қолайлы жағдай туғызады. Соның салдарынан жеңіл басталған сырқаттың өзі асқынып, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Дәрігерлердің сөзінше, бұл дертке шалдыққандар көбіне іштің түйіліп ауыруы, жүрек айну мен құсу, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің төмендеуі және жалпы әлсіздік секілді белгілермен медициналық көмекке жүгінеді. Сондықтан жаз айларында тазалық пен санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау – аурудың алдын алудың басты кепілі.

Дәрігерлердің мәліметінше, ауданда жыл басынан бері жедел ішек инфекциясымен алты айдан асқан 15 сәби, мектеп жасына дейінгі 20 бала және 55 жастан асқан 4 ересек ем қабылдаған. Мамандардың айтуынша, аурудың негізгі себептері – жеке бас гигиенасын сақтамау, көкөніс пен жеміс-жидекті дұрыс жумай тұтыну, сондай-ақ көшеде сатылатын тағамдар мен сақтау мерзімі немесе сақтау талаптары бұзылған азық-түліктерді пайдалану. Әсіресе ішек инфекциялары балалар арасында жиі кездесетіндіктен, дәрігерлер ата-аналарды сақтық шараларын күшейтуге шақырады.

– Жаз мезгілінде ішек ауруларының көбеюіне толық піспеген көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтыну, құрамында нитраттар мен пестицидтер мөлшері жоғары өнімдерді шамадан тыс пайдалану, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау себеп болуы мүмкін. Балалар арасында ротавирустық инфекция, сальмонеллез, дизентерия және шартты-патогенді микрофлоралар қоздыратын ішек инфекциялары жиі кездеседі. Сондықтан құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі секілді алғашқы белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу учаскелік дәрігерге қаралу қажет. Науқасқа БЖАИЖ қағидаттарына сәйкес емдеу жоспары тағайындалып, қажетті ем жүргізіледі. Сусызданудың алдын алу үшін алғашқы көмек ретінде регидратациялық ерітінділерді, оның ішінде «Регидронды» дәрігердің ұсынымына сай қолданған жөн. Ішектің саулығы – иммунитеттің негізі. Ішек қызметі бұзылған сайын ағзаның қорғаныс қабілеті де әлсірей береді,-дейді дәрігер-инфекционист Амансұлу Ерсұлтанқызы.

Мамандардың айтуынша, ішек инфекциясын қоздыратын бактериялар мен вирустар ағзаға түскеннен кейін аурудың алғашқы белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Инфекцияның жасырын кезеңі 6 сағаттан 7 күнге дейін созылады. Осы уақыт аралығында ауру біртіндеп өршіп, кейін іштің қатты ауыруы, жүрек айну, құсу, тәулігіне үш реттен көп іш өту, дене қызуының көтерілуі және жалпы әлсіздік сияқты белгілермен білінеді. Мұндай клиникалық белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, уақыт оздырмай дәрігердің көмегіне жүгінуге дәрігерлер кеңес береді. Өйткені ерте басталған ем асқынудың алдын алады.

 Дәрігерлер аурудың алдын алу әр адамның өзінен басталатынын ескертеді. Сондықтан азық-түлік сатып аларда оның сыртқы түріне ғана емес, жарамдылық мерзіміне, сақталу жағдайына және сатылатын орынның санитарлық талаптарды сақтауына ерекше назар аударған жөн деді олар. Әсіресе жаздың аптап ыстығында күннің астында ұзақ тұрған немесе рұқсат етілмеген, кездейсоқ сауда орындарында сатылатын тағамдарды тұтынудан бас тартқан дұрыс. Өйткені мұндай өнімдерде түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштары көбейіп, адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

Сонымен қатар әр адам тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолды сабындап мұқият жуу, көкөністер мен жеміс-жидектерді таза сумен жақсылап шайып пайдалану, тағамдарды тиісті температурада сақтау, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді тұтынбау, қайнатылмаған су ішпеу және ас әзірлеу барысында тазалық талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Бұл қарапайым ережелер көптеген жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәрігерлер ата-аналарға балалардың жеке бас гигиенасына ерекше көңіл бөлуді ұсынады. Балаларды қолды жиі жууға, көшеден келгеннен кейін міндетті түрде тазалық сақтауға және белгісіз жерден алынған тағамдарды тұтынбауға дағдыландыру қажет. Өйткені балалар ағзасы жұқпалы ауруларға әлдеқайда сезімтал келеді. 

Жаз мезгілінде кең таралатын ішек инфекцияларынан сақтанудың ең тиімді жолы – күнделікті өмірде қарапайым тазалық қағидаларын бұлжытпай сақтау маңызды екенін айтады мамандар. Денсаулық – әр адамның ең қымбат байлығы. Сондықтан жеке бас гигиенасына жауапкершілікпен қарап, қауіпсіз тағам тұтыну мәдениетін қалыптастыру – жұқпалы аурулардың алдын алудың басты кепілі. Әрбір азамат қарапайым сақтық шараларын күнделікті әдетке айналдырса, өз денсаулығын ғана емес, отбасы мен қоғамның саулығын сақтауға да үлес қосады. Өйткені аурудың алдын алу оны емдеуден әлдеқайда жеңіл әрі тиімді.

 А.Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT