Өңірде онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағытындағы скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп жатыр.
Бұған дейін сүт безі, жатыр мойны және колоректалдық обырды қамтыған скринингке өкпе обырын ерте анықтау бағыты да қосылуда,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өкпе обырын алдын ала анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томография енгізіледі. Бұл әдіс сәулелік жүктемені азайта отырып, өкпедегі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Онколог Қазмұқан Ғабдісәлімнің айтуынша, өкпедегі өзгерістер анықталған жағдайда пациент әрі қарай арнайы диагностикадан өтіп, тиісті мамандарға бағытталады.
- Өкпе обырын алдын ала анықтау флюография арқылы жүзеге асатын. Онда анықталған қара дақты тексеретін. Алайда қазір төмен дозалы компьютерлік томография енгізіліп жатыр. Оның ерекшелігі - пациентке түсетін сәулелік жүктеме әлдеқайда аз, сонымен қатар өкпедегі барлық өзгерісті анықтауға мүмкіндік береді, - деді маман.
Сонымен қатар онкологиялық ауруларды анықтау үдерісін жеделдету үшін зерттеу нәтижелерін алу уақыты бар. Ісіктің ерекшелігін анықтайтын арнайы зерттеулердің басым бөлігі 14 жұмыс күні ішінде жүргізілуі тиіс. Ал күрделі жағдайларда қолданылатын NGS зерттеулеріне 60 жұмыс күніне дейін уақыт белгіленген.
Зерттеу нәтижелерінің медициналық ақпараттық жүйеге автоматты енгізілуі де дәрігерлердің диагноз қойып, емдеу тактикасын уақытында анықтауына мүмкіндік береді.



