Аудандық орталық ауруханаға шұғыл реанимациялық науқастарды тасымалдауға арналған екі жедел жәрдем реанимобилі табысталды. Жалпы құны 225 млн теңгені құрайтын арнайы көліктер аудан әкімдігінің сұранысы негізінде сатып алынды.
Жедел жәрдем көліктері жабдықталу деңгейі мен атқаратын қызметіне қарай A, B және C санаттарына бөлінеді. С санатындағы Toyota Hiace реанимобильдері ауыр және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастарды тасымалдауға арналған. Көліктер заманауи медициналық және реанимациялық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған, бұл медицина қызметкерлеріне жол үстінде қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
- Денсаулық сақтау саласының дамуына инвестиция сала отырып, біз ең алдымен адамдардың әл-ауқатына, отбасы денсаулығына, балалардың болашағына және бүкіл өңірдің тұрақты дамуына үлес қосамыз. Жедел жәрдем көліктері аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, өңірлік медицинаны дамытудағы тағы бір маңызды қадам болады деп сенеміз,- деді ТШО Үкімет және қоғаммен байланыс бойынша бас менеджерінің кеңесшісі Нұрлан Ерғалиев.
Аудандық орталық аурухана мамандарының айтуынша, заманауи реанимациялық көліктердің берілуі аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің жеделдігі мен сапасын арттыру үшін маңызды.
Бұған дейін ТШО ауруханаға шамамен 18 млн теңгеге медициналық жабдықтар, оның ішінде Haemonetics PCS2 автоматты донорлық плазмаферез аппаратын, сондай-ақ күйікке шалдыққан науқастарға арналған арнайы төсек сатып алынды.
Ж.ЖЕТКІЗГЕНҚЫЗЫ




