Атырау облысында неонаталдық қызметті жүйелі түрде нығайту жалғасуда. Биыл жаңа туған нәрестелерді реанимациялауға арналған заманауи жабдық екі бірдей мекемеге — Облыстық балалар ауруханасы мен Атырау қалалық перзентханасына жеткізіледі.
«Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында балалар ауруханасына екі ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету) аппараты және бес пациент мониторі беріледі. Ал перзентханаға SV 800 үлгісіндегі ӨЖЖ аппараты мен наркоз-тыныс алу кешені орнатылады. Бұл дәрігерлерге шұғыл жағдайларда жедел әрекет етуге және жаңа туған нәрестелерді аман алып қалу мүмкіндігін арттыруға көмектеседі.

Жобаны AYALA қоры «Өмір сыйлайық» бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. Бағдарлама перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларын заманауи медициналық жабдықпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін негізгі назар Облыстық перинаталдық орталыққа аударылып келген, мұнда өңір бойынша ең ауыр жағдайдағы науқастар жеткізіледі. Қазір оның материалдық-техникалық базасы айтарлықтай күшейтілді: 2024–2025 жылдары жаңа туған нәрестелерге арналған оксигенотерапия аппараты, рентген қондырғысы, наркоз-тыныс алу аппараты және ретиналды камера орнатылды. Сондай-ақ мұнда неонаталдық хирургия бөлімі ашылды.
AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменованың айтуынша, қолдау енді басқа да медициналық мекемелерге кеңейтілуде:
«Теңізшевройл» компаниясының көмегімен өткен жылы Атырау облыстық перинаталдық орталығында туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда балаларға шұғыл көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Сондықтан біз өңірдегі басқа да мемлекеттік медициналық мекемелерге, яғни неонаталдық реанимациясы бар Облыстық балалар ауруханасы мен Атырау қалалық перзентханасына назар аудардық. Реанимациялық жабдықтар жиынтығы бұл орталықтардағы дәрігерлердің жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтаудағы күнделікті жұмысына қосымша құрал болады», — деді Айдан Сүлейменова.

Денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, өңірде нәресте өлімі 2025 жылдың соңына қарай 7,2%-ға төмендеген. Ведомство мұны диагностика мен емдеуді жетілдіруді қоса алғанда, кешенді жұмыстардың нәтижесі деп түсіндіреді.
AYALA қоры 2011 жылдан бері Атырау облысында жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде өңірдегі балалар медицинасына 300 млн теңгеден астам қаржы бағытталып, 100-ден астам медициналық жабдық жеткізілген. Биыл олардың қатарына неонаталдық реанимацияға арналған тағы тоғыз аппарат қосылады.




