Жаңа туған сәбидің өмірі үшін алғашқы сағаттар шешуші рөл атқарады. Әсіресе шала туған немесе жағдайы ауыр нәрестелерге дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің маңызы зор. Енді Атыраудағы екі медициналық мекеменің дәрігерлері кішкентай пациенттерге шұғыл көмек көрсету үшін заманауи жабдықтарды пайдалана алады.
Атап айтқанда, облыстық балалар ауруханасы мен Атырау қалалық перзентханасына тоғыз заманауи медициналық жабдық табысталды. Оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары, пациент мониторлары және анестезиологиялық-тыныс алу аппараты бар.
Жаңа құрылғылардың бір бөлігі балалар ауруханасының реанимация бөлімінде қолданылып жатыр. Олар баланың тыныс алуын қолдауға, жүрек соғысы мен басқа да өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Ал көрсеткіштер өзгерген жағдайда дәрігерлер шұғыл әрекет ете алады.
«Біздің реанимация бөліміне күн сайын жағдайы ауыр балалар түседі. Сондықтан олардың өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылау қажет. Жаңа мониторлар баланың жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда өкпені жасанды желдету аппаратын да қолдана аламыз. Мұндай жабдықтар балалардың өмірін сақтап қалуға қажетті мүмкіндіктерімізді кеңейтеді», - деді Альмира Сабырғалиева.
Ал Атырау қалалық перзентханасына SV800 өкпені жасанды желдету аппараты мен анестезиологиялық-тыныс алу аппараты табысталды. Бұл құрылғылар жаңа туған нәрестелердің жағдайын тұрақтандыруға, қарқынды ем жүргізуге және операция кезінде қажетті медициналық қолдау көрсетуге арналған.
Перзентхана бас дәрігері Серікбек Төребаевтың сөзінше, жаңа жабдықтар медициналық мекеменің нәрестелерге шұғыл хирургиялық көмек көрсету мүмкіндігін арттырады.
«Жаңа аппараттар нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қарқынды ем бастауға, жағдайын тұрақтандыруға және хирургиялық операциялар кезінде қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Перзентханамыздың шұғыл хирургиялық көмек көрсету бағытын дамытуға қолдау білдірген AYALA қорына және “Теңізшевройл” компаниясына алғыс айтамыз», - деді Серікбек Төребаев.

Медициналық жабдықтар AYALA қайырымдылық қорының «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырып жатқан «Өмір сыйлайық» жобасы аясында сатып алынды. Жоба медициналық мекемелерді заманауи техникамен қамтамасыз ету арқылы нәрестелер өлімін азайтуға және балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған.
Жалпы Атырау облысында жоба 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде облыстық перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және облыстық балалар ауруханасы 100-ден астам реанимациялық және диагностикалық жабдық алған.
AYALA қорының мәліметінше, табысталған медициналық техника кемінде бес жыл қызмет етеді. Бұл дәрігерлерге балалардың денсаулығын бақылап, қажетті емді уақытында жүргізуге көмектеседі.
Жаңа жабдықтар өңірдегі медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтіп, дәрігерлердің балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау жолындағы жұмысына қолдау көрсетеді.




