Жастарға арналған жаңа мүмкіндік

Білімді, білікті және ел болашағына бейжай қарамайтын жастарды мемлекеттік қызметке тарту – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа заң осы бағытта жастарға жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Енді оқуын жоғары академиялық көрсеткішпен аяқтаған түлектер мемлекеттік әкімшілік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие. Бұл жас мамандардың еңбек жолын туған жерінен бастап, ел дамуына өз үлесін қосуына жасалған маңызды қадам болмақ.

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ғана емес, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін маңызды сала. Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуы, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы да осы жүйеде еңбек ететін мамандардың біліміне, кәсібилігіне және жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызмет саласына кәсіби білімі жоғары, заманауи көзқарасты ұстанатын, жаңашылдыққа бейім әрі ел игілігі үшін еңбек етуге дайын жастарды тарту уақыт талабынан туындаған міндет. Осы мақсатта мемлекет тарапынан жастардың мемлекеттік қызметке келуіне мүмкіндік беретін жаңа тетіктер енуде. Солардың бірі – мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін жетілдіруге бағытталған жаңа заңнамалық өзгерістер.

 2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысының «ҚР-ның мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңына сәйкес енді жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектер оқуын тәмамдағаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз орналаса алады. Бұл мүмкіндік тек мемлекеттік білім грантының иегерлеріне ғана емес, ақылы бөлімде білім алған түлектерге де қолжетімді. Бүгінде ауданымызда осы тетік арқылы жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын қалыптастырып жүрген жандардың бірі – Мәдина Саматқызы. Аудандағы №9 жалпы орта білім беретін мектепті аяқтап, Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде жоғары білім алған ол қазіргі таңда Жаңа Қаратон кенті әкімі аппаратына жұмысқа орналасқан. Бұл туралы жас маман:

– Алғашында жаңа заң туралы әлеуметтік желіден оқыдым. Ал аудан әкімдігінің ресми парақшасынан конкурссыз жұмысқа орналасу туралы көріп, бұл мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Кейін қажетті құжаттарымды жинап, басшылыққа тапсырдым. Осылайша алғашқы еңбек жолым басталып, қызметке бірден кірістім. Жұмысым ұнап жатыр. Мұнда орналасқаныма 1 айдан асты. Өзім Құлсары қаласында тұрамын, алайда кентке қатынау айтарлықтай қиындық туғызып жатқан жоқ. Бүгінде мемлекеттік сатып алу, тапсырыс беру және коммуналдық объектілерді жалға беру бағыттары бойынша жұмыс атқарудамын,-дейді өз сөзінде.

Жастарға беріліп отырған бұл мүмкіндікке тек жұмысқа орналасудың жеңілдетілген тәртібі ретінде қарауға болмайды. Бұл мемлекет тарапынан білімді, еңбекқор және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жастарға көрсетілген сенім. Сондықтан жас мамандардан тек білім ғана емес, жауапкершілік, адалдық, әдептілік пен қоғам алдындағы жоғары азаматтық ұстаным талап етіледі. Енді Мәдина сияқты мыңдаған жас еліміздің әр өңірінде еңбек етіп, мемлекеттік басқарудың сапасын арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT