1 қыркүйек күні ауданымыздағы су жаңа «Келешек» мектебінің есігі айқара ашылып, алғашқы қоңырау соғылды. 1200 оқушыға арналған заманауи білім ордасына алғашқы оқу жылында 850 шәкірт қабылданып, оның 114-і 1-сыныпқа қадам басты. Сондай-ақ 42 мұғалім жұмысын бастады.
Салтанатты шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов арнайы қатысып, білім ұясының алғашқы оқушыларына сәттілік тіледі.
Заманауи талапқа сай салынған мектеп енді балалардың білім алатын ғана емес, шығармашылықпен айналысып, жаңа технологияларды меңгеріп, өз қабілетін шыңдайтын үлкен алаңға айналмақ. Өйткені білім ордасы 52 оқу кабинетімен ғана шектелмей, балалардың жан-жақты дамуы үшін STEM және робототехника кабинеттерімен, бұдан бөлек музыкалық және хореографиялық кабинеттермен жасақталған. Олардың барлығы интерактивті тақтамен, қажетті техникалық және көрнекі құралдармен жабдықталған. Оқушылардың игілігіне 133 компьютер мен 103 ноутбук ұсынылып, информатика кабинеттеріне 3D принтерлер мен өзге де арнайы құрылғылар орнатылған. Химия, физика және биология кабинеттері заманауи зертханалық құралдармен жабдықталып, оқушылардың теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекітуіне жағдай жасалған. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға да арнайы кабинеттер ашылып, ғимаратта лифт орнатылған. Мектептің бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған екі спорт залы бар. Ал білім ордасының ауласында футбол, баскетбол және волейбол алаңдары мен бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңдары қатар орналасқан.
Білім мен тәрбие қатар жүретін мектепте кітапхана мен жайлы оқу залы, медициналық пункт те қарастырылған. 260 орындық Акт залы заманауи LED экранмен жабдықталып, 338 оқушыға бір мезетте қызмет көрсете алатын кең әрі жарық асхана өз жұмысын бастады. Әр оқушыға жеке шкаф беріліп, үзіліс уақытында демалуға арналған арнайы орындар да ұйымдастырылған. Бұл ретте қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Мектеп ғимараты аумағында жалпы саны 150 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 114-і ғимарат ішінде болса, 36 камера мектеп аумағын бақылайды. Сонымен қатар үш дабыл нүктесі іске қосылған. Оқушылардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысы үшін бастауыш және жоғары сыныптарға арналған жеке кіреберістер де қарастырылған. Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



