Облыстық олимпиадада жүлделі орын иеленді

Атырау қаласындағы Atyrau IT Hub орталығында 8-11 жас аралығындағы оқушыларға арналған визуалды бағдарламалау бойынша олимпиада өтті. Scratch бағдарламалау ортасы арқылы ұйымдастырылған білім бәйгесінің мақсаты-жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және жобалау дағдыларын дамыту, ақпараттық технологияларға деген қызығушылығын арттыру.

Аталған олимпиадаға ауданнан Жас техниктер станциясының тәрбиеленушісі Аманжан Мейірбек қатысып, аймақ намысын абыроймен қорғады. Оқушыны жарысқа дайындаған жетекшісі - Қуаныш Шалабаев. Олимпиада үш кезеңнен тұрды: жеңіл, орташа және күрделі деңгейлер. Әр кезеңде қатысушыларға бағдарламалау мен логикалық тапсырмалар беріліп, олардың креативтілігі, мәселені шешу қабілеті және жобаны орындау сапасы арнайы критерийлер бойынша бағаланды.

Жалпы саны 18 оқушы бақ сынаған тартысты додада Аманжан Мейірбек өз білімін жоғары деңгейде көрсетіп, ІІІ орынға ие болды. Бұл жас талапкердің табандылығы мен ізденісінің, сондай-ақ жетекшісінің кәсіби еңбегінің нәтижесі. Ақпараттық технологиялар қарқынды дамып жатқан заманда мұндай олимпиадалардың жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттыруда, бағдарламалауға деген қызығушылығын оятуда маңызы зор. Жылыойлық жас дарынның жетістігі аудан оқушылары үшін үлкен мотивация болып, болашақта IT саласында жаңа белестерді бағындыруға жол ашатыны сөзсіз.

 Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT