Бала көңіліне қуаныш сыйлау үшін кейде үлкен мүмкіндіктің де қажеті жоқ.
Мектеп сөмкесі мен оқу құралдары, жаңа оқу жылына деген ықылас пен жылы сөздің өзі балаға қанат бітіреді. Осындай қарапайым игіліктің астарында елдің ертеңіне деген қамқорлық жатыр.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырау облысы бойынша Әйелдер күштері Альянсының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсетілді.
Жалпы, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтіп жатқан акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен және қолдауды қажет ететін балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға жәрдемдесу.
Осы игі бастама аясында Әйелдер күштері Альянсы 9 балаға мектеп сөмкесі мен қажетті оқу құралдарын табыстады. Балалар «Батыс» волонтерлік ұйымы ұсынған тізім негізінде қамтылды.
Қайырымдылық шарасы балаларға оқу құралдарын табыстаумен ғана шектелген жоқ. Бүлдіршіндер үшін аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, тәттілер ұсынылды. Мұның өзі балаларға жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға себеп болды.
Әйелдер күштері Альянсының Атырау облысы бойынша төрайымы Эльмира Жанбалаева қайырымдылықтың мәні тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейтінін атап өтті.
–Бүгін бір баланың мектепке қуанып баруына жағдай жасасақ, бұл оның ертең сапалы білім алып, елге қызмет етуіне қосқан үлесіміз. Сондықтан балаға жасалған әр жақсылықтың мәні зор, — деді Эльмира Жанбалаева.
«Мектепке жол» республикалық акциясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылып, балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Игі бастама қоғамдағы жанашырлық пен өзара көмек мәдениетін нығайтып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға демеу болады.
Ботагөз ИСАТАЙ
Суреттерді түсірген автор



