Лицейліктер халықаралық грантты жеңіп алды

Бұл түлектердің барлығы да - жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген оқушылар

Құлсары қаласындағы дарынды балаларға арналған Жылыой лицей-интернаты (кезінде ауданның әкімі болған Мақсым Ізбасовтың ұйтқы болуымен ашылған) биыл тұңғыш түлектерін ұшырғалы отыр. Оқу орнының ұстаздары мен оқушылары аз жылдың ішінде жетістіктерімен көзге түсіп, ауданның ғана емес, аймақтың білім сапасын арттыруға үлес қосып келеді.

Таяуда осы білім ордасынан жағымды жаңалық келіп жетті. Лицей-интернатты биыл бітіргелі тұрған 11 сыныптың 4 оқушысы, атап айтқанда Әлішер Нұрмұханов, Асылбек Болатов пен Мейіржан Төлегеновтер Сүлеймен Демирел атындағы университетінің, ал Болатбек Дәріғұлов Назарбаев университетінің білім гранттарын жеңіп алды. С.Демирел атындағы университетке түскен абитуриент халықаралық грантқа ие болады. Онда жыл сайын талапкерлерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін SPT олимпиадасы өткізіледі.

Биылғы жылы университет 4 жылға жарамды 264 оқу грантын бөлген екен. Оған Ресей, Монғолия, Қытай, Кения, БАӘ, Қырғыз, Уганда секілді шет мемлекеттерді қосқанда барлығы 16 мың оқушы қатысып, бақ сынады. Міне, осыншама талапкерлердің ішінен ауданымыздағы лицей түлектерінің бағы жанып, грантты жеңіп алуы – үлкен жетістік екені белгілі.

-SPT олимпиадасы биылғы наурыз айының 1-і күні Қазақстанның барлық аймақтарында өткізілді. Талапкерлер өздері таңдаған кластерлер бойынша, яғни физика, география, биология, ағылшын тілі, әдебиет, адамтану, қоғам, құқық бағыттарына сәйкес үш пәннен тест тапсырады. Біздің лицей оқушылары Мейіржан Төлегенов пен Әлішер Нұрмұханов физика кластері, ал Асылбек Болатов АҚҚ бағыты бойынша емтихан сынақтарынан сүрінбей өтіп, университеттің студенті атанып отыр,- дейді лицей-интернат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Мұқанова.

Болатбек Дәріғұлов Назарбаев университетіне түсу үшін биылғы қаңтар айында 3 турдан тұратын сынақ тапсырған. Оның АРТІS деп аталатын алғашқы сынағы ағылшын тілінен өткізілсе, NUFYPET делінген ІІ турында математика және сын тұрғысынан ойлаудан сынаққа түсті. Ал соңғы IELTS атты ІІІ турында Болатбек халықаралық ағылшын тілінен сынақ тапсырып, онда да білім деңгейінің жоғары екендігін көрсете білді. НУ-дың барлық сынағы қаңтар, ақпан, наурыз айларында өткізіліп, толық қорытындысы жақында ғана жария етілген екен. Б. Дәріғұлов аталған жоғары оқу ордасының Инженерлік факультетінің Ақпараттық технологиялар мамандығына түсіп, болашақта білімін жалғастырмақ.

-Бұл түлектердің барлығы да - осыған дейін көптеген аудандық, облыстық білім сайыстарында бақ сынап, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген оқушылар. Жоғары оқу орнының грантын иелену, әрине, әр талапкер үшін үлкен дәреже. Ал халықаралық деңгейдегі алдыңғы қатарлы оқу ордасының студенті атану - кез келген түлектің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Өйткені онда еліміздің түкпір-түкпірінен білімді де білікті сан мыңдаған оқушылар сынақ тапсырды. Бірақ біреулеріне бақ, біреулеріне балл жетпей қалды. Осыншама түлектер арасынан біздің білім алушылардың суырылып алға шығуы - лицейдің ғана емес, бүкіл аудан үшін зор мақтаныш, - дейді Г.Мұқанова.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521