Отбасының алтын діңгегі, ұл-қыздың айбынды қорғаны саналатын әкелердің тәрбие үрдісіндегі рөлі қай заманда да ерекше мәнге ие. Осы бір қастерлі ұғымды ұлықтау мақсатында ауданымыздағы «Балапан» бөбекжай бақшасында «Әкелер мектебі» мен «Шебер қолдар» атты тағылымы мол іс-шара өтті. Рухани салмағы басым бұл кеш әке мен бала арасындағы нәзік байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтардың жас ұрпақ санасына сіңуіне жол ашты.
Жиынның «Әке – ақылдың кені» атты бөлімінде ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты салиқалы ойларын ортаға салып, құнды кеңестерімен бөлісті. Бұл сәтте әкелер тек отбасының асыраушысы ғана емес, сондай-ақ кемел ақылдың иесі екендігін тағы бір еске салды. Ал «Шебер қолдар» кезеңінде әкелер өздері дайындаған қолөнер бұйымдарын паш етіп, сегіз қырлы, бір сырлы екендігін көрсетті. Сайыс айдынында бақ сынаған Қосай Нұртілеуов пен қызы Жақұтнұр, Нұрлыбек Раушанов пен ұлы Рауан, Тимур Агисов пен баласы Ислам, сондай-ақ Амандық Ыбырай мен қызы Көзайым өздерінің ептілігімен қатар, білім деңгейлерінің де жоғары екендігін байқатты. Бұдан бөлек ұлттық рухты оятатын асық ату, қамшы өру және күш сынасу сияқты сайыстар балаларды батылдыққа, төзімділікке және ата-баба дәстүрін қастерлеуге баулыды. Қатысушылар баламен бірге өткізген әрбір сәттің құндылығын атап өтіп, тәрбиенің негізі – төзімділік, еңбекқорлық пен әділдік екеніне тоқталды. Бұл туралы «мұндай іс-шаралар отбасылық бірлікті бекемдеп, бүлдіршіндердің зейінін ашуға септігін тигізері сөзсіз» дейді шара тізгінін ұстаған «Құлпынай» мектепалды тобының тәрбиешісі Ғайни Досмағамбетова.
Кеш соңында балабақша меңгерушісі Алмажай Дүйсемалиева сөз алып, «Әке – балаға бағыт берер шамшырақ» деген терең ұғымды арқау ете отырып, қатысушыларды марапаттады. Рухы биік, тәрбиесі терең бұл басқосу қатысушылардың жүрегінде жылы естелік ретінде сақталып, әкелердің отбасындағы рөлін тағы бір мәрте айқындағандай болды.
А.ШАБЫТ


