Дәрістен тәжірибеге дейін: ТШО-ның Цифрлық департаменті Атырау студенттерін заманауи технологиялармен таныстырады

Цифрландыру мұнай-газ саласын қалай өзгертуде? Бүгінде өндірісте қандай технологиялар қолданылады және оларды енгізудің артында қандай мамандар тұр? Осы және өзге де сұрақтарға Атырау студенттері «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының Цифрлық департаменті мамандарымен тікелей жүздесу барысында жауап ала алады.

Компания студенттерге, оқытушыларға және мектеп оқушыларына арнап дәрістер, шеберлік сабақтарын, экскурсиялар мен тәжірибелік кездесулер ұйымдастырады. Бағдарламаның басты ерекшелігі – мамандардың заманауи технологиялар туралы айтып қана қоймай, олардың ТШО өндірісіндегі нақты жұмыс үдерістерінде қалай қолданылатынын көрсетуі.

Студенттердің сұранысынан басталған тұрақты бағдарлама

Бастама білім беру ұйымдарының сұранысы негізінде қолға алынған. Жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерге тәжірибелік білім жетіспейтін бағыттарды айқындаған. Олардың қатарында Agile әдіснамасы, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеудің заманауи тәсілдері, DevOps, жасанды интеллект, Data Science, бұлтты технологиялар және киберқауіпсіздік бар.

Осы сұранысқа орай ТШО-ның Цифрлық департаменті қызметкерлерге кәсіби тәжірибесімен бөлісуді ұсынды. Бастамаға мамандар ерікті түрде қосылып, алғашқы қонақ дәрістер уақыт өте келе Атыраудағы білім беру ұйымдарымен жүйелі ынтымақтастық бағдарламасына айналды.

Бүгінде бағдарламаға цифрлық технологиялардың әртүрлі бағыты бойынша жұмыс істейтін мамандар қатысады. Әрқайсысы өз саласының қыр-сырын түсіндіріп, студенттерге ірі өндірістік компанияның цифрлық жүйесі қалай жұмыс істейтіні жөнінде жан-жақты түсінік береді.

Цифрландыру – тек технологиямен шектелмейді

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – цифрландырудың жұмыс үдерістеріне қалай әсер ететінін көрсету. Бұл тек жасанды интеллект пен бағдарламалау туралы емес. Сонымен қатар күнделікті қайталанатын міндеттерді автоматтандыру, деректермен жұмыс істеу, жобаларды басқару және тиімді шешім қабылдау мәселелері де қамтылады.

Студенттермен кездесуге қатысатын сарапшылардың бірі – ТШО Цифрлық департаментінің жобалар менеджері Денис Глушко. Ол бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеудің заманауи тәсілдері, Agile, Scrum, Kanban әдістері, цифрлық өнімдерді басқару және цифрлық трансформация тақырыптарында дәріс оқиды.

Денис үшін студенттермен жұмыс істеу – мамандықтың қыр-сырын танытып, университет қабырғасында алған білімнің нақты жобаларда қалай қолданылатынын түсіндіруге мүмкіндік.

«Біз үшін студенттерге технология туралы айтып қана қою жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оның нақты жұмыста қалай қолданылатынын көрсету. Сондықтан өндірістегі мысалдарды пайдалануға және жастарды талқылауға белсенді қатыстыруға тырысамыз», – дейді Денис Глушко.

Дегенмен оның дәрісі – ауқымды бағдарламаның бір бөлігі ғана. Кездесулер барысында DevOps, жасанды интеллект және Data Science, бұлтты технологиялар, киберқауіпсіздік және басқа да бағыттардың мамандары өз тәжірибесімен бөліседі.

«Менің дәрісім бүкіл команданың қатысуымен өтетін жалпы бағдарламаның шамамен бір сағатын қамтиды. Мұндай кездесулердің құндылығы – студенттердің бір уақытта цифрлық жобаны басқарудан бастап DevOps-қа дейінгі, жасанды интеллекттен киберқауіпсіздік пен виртуалды шындыққа (VR) дейінгі бағыттарды тұтас түсінуінде. Біз студенттерге жеке-жеке маман ретінде емес, біртұтас команда ретінде жолығамыз», – дейді Денис Глушко.

Білім мен тәжірибені ұштастыру

Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – оқытушылармен ынтымақтастық. ТШО мамандары білім беру ұйымдарының оқытушыларына арналған шеберлік сабақтары мен тағылымдамалар өткізеді. Бұл өндірісте жинақталған тәжірибені оқу үдерісінде пайдалануға, сондай-ақ оны студенттерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, ТШО Цифрлық департаментінің бастамасы жастарға заманауи технологияларды таныстырып қана қоймай, теориялық білім мен нақты өндірістік тәжірибенің арасын байланыстыруға бағытталған. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби бағдарын кеңейтіп, цифрлық саладағы жаңа мүмкіндіктерді түсінуіне және болашақ мамандығына қажетті дағдыларды қалыптастыруына жол ашады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT