Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжінде «Арманға бастар ақ жол!» атты бітіруші түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Жас мамандарды үлкен өмірге шығарып салған айтулы кешке аудандық әкімдік өкілдері, ардагер ұстаздар, ата-аналар, колледж түлектері мен студенттер қатысты.
Білім – адамның өмір жолын айқындайтын ең үлкен құндылық. Ал сол білімнің нәтижесін айғақтайтын ең қуанышты сәттің бірі – диплом алу рәсімі. Бұл - бірнеше жылдық ізденіс пен еңбектің, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімнің, ата-ананың үміті мен тілегінің жемісі. Осындай ерекше әсерге толы кештің шымылдығы колледж тарихына арналған бейнероликпен ашылып, оқу орнының қалыптасу жолы мен жетістіктері кеңінен таныстырылды. Биыл білім ордасы үшін де мерейлі жыл. Себебі қыркүйек айында колледждің құрылғанына 15 жыл толады.
Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжі 2011 жылы Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжінің Құлсары филиалы ретінде жұмысын бастап, араға бір жыл салып дербес білім беру ұйымы ретінде қайта құрылды. 2015 жылы оқу орнына қоғам қайраткері Темірхан Байсырымовтың есімі берілді. Содан бері колледж мыңдаған жасқа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ел экономикасының түрлі салаларына қажетті мамандар даярлап келеді.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген колледж директоры Мадина Сабыржанқызы Әбдіғалиева түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтап, олардың болашағына зор сенім білдірді.
- Бүгінгі диплом жай ғана құжат емес. Бұл - бірнеше жылдық еңбектің, төзім мен табандылықтың нәтижесі. Колледж қабырғасында алған білімдеріңіз сіздердің болашақтағы үлкен жетістіктеріңіздің берік іргетасы болады деп сенемін. Қай салада еңбек етсеңіздер де адалдықты, жауапкершілікті серік етіп, елдің өркендеуіне үлес қосатын білікті маман болыңыздар. Біз әрдайым сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанатын боламыз, - деді колледж басшысы.
Кештің ең әсерлі кезеңдерінің бірі - диплом табыстау рәсімі болды. Биыл колледжді 100 студент тәмамдап, олардың 7-еуі оқуын үздік аяқтап, қызыл диплом иегері атанды. Үздік түлектерге дипломдарын колледж директоры салтанатты түрде табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, облыстық, республикалық деңгейдегі білім, ғылым, спорт және шығармашылық байқауларда колледж мерейін үстем еткен студенттер колледж директорының Алғыс хаттарымен марапатталды. Белсенді студенттердің ата-аналарына да жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі үшін арнайы Алғыс хаттар табыс етілді. Шара барысында аудан әкімі орынбасарының Алғыс хаттары мен аудандық Жастар ресурстық орталығының Алғыс хаттары да табысталып, жастар саясаты мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан түлектердің еңбегі жоғары бағаланды.
Мерекелік кештің мазмұнын байыта түскен сәттердің бірі - колледждің әр жылдардағы үздік түлектерімен кездесу болды. Бүгінде білім беру, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет, өндіріс және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында жемісті еңбек етіп жүрген түлектер сахна төріне көтеріліп, өздерінің жетістікке жету жолдары туралы әңгімеледі. Солардың бірі – колледждің түлегі, бүгінде аудан әкімі аппаратының іс басқармасы бөлімі, Акпаратық цифрландыру бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Думан Әбілхайыров қазіргі түлектерге ақжарма тілегін арнады.
- Колледж бізге тек мамандық қана емес, өмірлік тәрбие берді. Ұстаздарымыз жауапкершілікті, тәртіпті, еңбекқорлықты бойымызға сіңірді. Сол қасиеттер қызмет барысында көп көмегін тигізіп келеді. Бүгінгі түлектерге айтарым - қандай қызметте жүрсеңіздер де ең алдымен адам болып қалыңыздар. Еңбек еткен адам міндетті түрде өз нәтижесіне жетеді, - деді ол.
Кеш барысында ата-аналар атынан да жүрекжарды лебіздер айтылып, ұстаздарға ризашылық білдірілді. Ал бітіруші түлектер колледж қабырғасындағы төрт жыл ішінде тәлім берген ұстаздарына алғыс айтып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының және колледж студенттерінің концерттік бағдарламасымен жалғасып, әсем әндер мен мың бұралған билер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе бітіруші түлектің орындауындағы «Қоштасу» әні кешке жиналған көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Бұл күн тек диплом алған жастар үшін ғана емес, олардың жетістігіне қуанған ата-аналар мен ұстаздар үшін де толғанысқа толы ерекше сәт болды. Себебі бүгінгі жас мамандар - ертеңгі елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші.
Колледж қабырғасынан қанат қаққан түлектер енді алған білімдерін өмір тәжірибесімен ұштастырып, ел игілігі жолында қызмет етпек. Олардың әрқайсысы өз арманына нық қадам жасап, қоғамның дамуына өз үлесін қосады деген сенім мол.
Өз тілшіміз




