Құлсары қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ санатындағы 31 отбасыға жаңа пәтердің кілттері таыбысталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, халықты баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Халықтың тұрмыс сапасын арттырып, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі. Бүгінгі қоныс тойы ауданымыз үшін де ерекше қуанышты күн. Жаңа шаңырақтарыңызға құт-береке қонып, әр отбасының ынтымағы мен бірлігі арта берсін, – деді аудан әкімі.
Ал «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалимов мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламалары азаматтардың баспаналы болуына және әл-ауқатының артуына зор мүмкіндік беріп отырғанын айтты.
– Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көптеген отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізіп келеді. «Отбасы банк» алдағы уақытта да тұрғындардың тұрғын үй алуына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады, – деді ол.



