Ұлы Отан соғысының отты жылдарында еліміз бірнеше жүздеген мың боздақтарынан айырылды. Бұл ретте «Бәрі де майдан үшін», «Бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі де бүгінгі жас ұрпаққа аңыз болып қалды. Майдангерлер секілді олардың да қатары сиреді.
Тылдан басталған сара соқпақ
Расында да, бір үзім нанды бөліп жеп, барын өз аузынан жырып, майдан даласына жөнелтіп, аш құрсақ жүрсе де, тыл еңбеккерінің уақытпен санаспай еткен еңбегін, көрген бейнетін бүгінгі ұрпақ ұмытса, кәрі тарих алдында кешірілмес күнә болар еді. Жасыратын несі бар, көбіне-көп бұқаралық ақпарат құралдарында майдан даласында ерлікпен шайқасқан майдангерлеріміз туралы жазылады да, ал тылда жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан жандар тасада қалып жатады. Ал тыл мықты тұрмаса, жаудың тұмсығы тасқа тірелер ме?! Ендеше, сондай «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деп Отан үшін аянбай тер төккен соғыс және еңбек ардагерінің бірі де бірегейі – біз сөз еткелі отырған соғыс және еңбек ардагері, тыл еңбеккері Жолдас Бисалиев ақсақал еді.
Иә, біз сөз еткелі отырған кейіпкер тылда тыным тапай тер төге жүріп, еңбек майданының алдыңғы шебінен көрініп, соғыс ардагері де атанып үлгерді. Биылғы 4 сәуірде туғанына 100 жыл толған Жолдас Нұрмұханұлы өткен ғасырдың 1926 жылында Гурьев (Атырау) қаласы маңындағы Қайыршақты ауылында дүниеге келген-ді. Ол, негізінен, туғанда әкесінен тараған үш ағайынды жігіт еді. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, алдындағы арқа сүйер ағаларының өмірі қысқа болды. 1941 жылы неміс фашист басқыншылары КСРО-ға тұтқиылдан лап қойғанда әкесі Нұрмұхан Бисалиев алғашқылардың бірі болып Отанын зұлым жаудан қорғауға аттанды. Соғыстың ауыр жылында күші басым дұшпанмен айқасқан есіл ер сол кеткеннен хабар-ошарсыз кетті. Бұғанасы қатпаған 15 жастағы жасөспірім Жолдасқа әке ізін басып, еңбекке ерте араласуына тура келді. Анасы Үміт те майданға кеткен ерлердің орнына Гурьев теміржол стансасында қара жұмысшы болып жұмыс жасап жүрген-ді.
Ерлікпен пара-пар еңбек
Елде ер-азаматтар қатары сирей бастаған осы бір қиын-қыстау шақта балғын жас арқасына аяздай батқан ауыртпалықты бір кісідей арқалап, болат жолдың бойындағы темірдей тәртіпке шыңдалып, ерте есейді. Алғаш табельші-есепші ретінде жұмысқа орналасқан Жолдас Бисалиев ел басына төнген қауіп-қатерді терең түсініп, кейін жұмысшылыққа ауысты. Ересектермен бірдей таңның атысы, күннің батысы тыным таппады. Отанымыздың күре тамыры - тоғыз жолдың торабында тұрған Гурьев арқылы өтетін теміржолмен ерсілі-қарсылы ағылып, майдан даласына күні-түні жүк тасымалдап жатқан пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Әсіресе кеңес танкілері мен самолеттері үшін ауадай қажет Доссор мұнайын жедел жөнелтіп отыруда теміржолшылар маңызды қызмет атқарды. Басым бөлігі қыз-келіншектер мен әйел адамдардан құралған №9 жол дистанциясының жұмысшыларымен бірге тынымсыз еңбек етіп, сан қиындықты бастан кешкен бозбала соғыстың екінші жылын да артқа тастауға айналды.
1943 жылдың маусым айының аяғында 17 жастағы Жолдас Бисалиевке де майданға шақырту қағазы келді. Теміржолдың бойында зембілмен (носилка) қара топырақ тасып, қара жұмыстан қажып, қабырғасы қайысып жүрген жалғыз жанашыры, анасы Үмітпен қош айтысып, әскери комиссариатқа кеткен-ді. Бірақ әскери тәртіпке негізделген болат жол бойының бозбала жұмысшысына қолына қару алып, қан майданда қатыгез жаумен шайқасқа түсу маңдайына жазылмапты. Сөйтсе соғыс жағдайында теміржол саласына тепсе темір үзетін зіңгіттей сарбаз жігіттер бұрынғыдан да бетер ауадай қажет екен. Сондықтан өзі тәріздес броньмен тылға қайтарылған 3-4 ер-азаматпен бірге бұрынғы кәсібіне қайта оралған Ж.Бисалиев бұл жолы қара жұмысшы ретінде қызу еңбекке бұрынғыдан да бетер батыл кірісіп кетті. Әйтсе де жұмысшы деген атағы ғана болмаса, оларға жүктелген міндет пен қойылған талап бұрынғыдан да қатал болатын. Тәулігіне 4-5 сағат қана көз шырымын алып, рельстік ақаутапқыш (дефектоскоп рельсовый) арбаны жылжытып, жаяу-жалпы болат жолды бойлап отырып шойын жол бойынан талмай ақау іздейтін. Мақсат – пойыздардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету. Рельстің арасынан сынған немесе бұзылған тетік табылса, жедел түрде жолшыларға (путеец) хабарлап, келесі эшелон келгенше шұғыл жөндеуге ұйытқы болады. Осы сұрапыл жылдары №9 жол дистанциясындағы Жолдас Бисалиев пен оның әріптестері күнбе-күн рельстік ақаутапқышпен қатынап, Гурьевтен бастап Жамансор, әрі қарай Жантерек пен Қандағаш стансасы аралығындағы теміржолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қырағы бақылауда ұстады.
– Ол кезде біздің үйде екі ешкіміз ғана бар болатын, – дейді сол күндерді еске алған Жолдас ақсақал көзі тірісінде, – Таң атпай жұмысқа кетіп бара жатып шешем екеуміз бір кесек нан мен бір тостаған сүтпен оразамызды ашамыз. Болса бір тілім нанды қойнымызға қыстыра кетеміз. Жоқ кезде күні бойы аштықты елең қылмай жұмыс жасауға тура келетін. Содан түн жарымында ұйқыға жатарда бір-ақ ораламыз. Ол уақытта аяқ киім жоқ. Қыста сиыр терісінің жүнін ішіне қаратып тігілген шәрік киетінбіз. Сөйтіп броньмен екі жыл тылда еңбек еткесін, әскери комиссариат майданға тағы шақырды. «Ертең соғысқа аттанамыз» деп тұрғанда Қызыл Армия жауды ұясында талқандап, Жеңіс күні де келіп жетті.
Соғысқа қатыспаған демесеңіз, Жолдас Бисалиев тыл еңбеккері ретінде есімінің майдангерлермен қатар аталуына толық құқығы бар. Оған өзі өмірден өтсе де, үлкен ұлы Рай Бисалиевтің үйінде сақтаулы тұрған «Соғыс ардагері» төсбелгісі дәлел бола алады. Ол аздай, көзі тірісінде қарияның тылдағы өлшеусіз еңбегі жоғары бағаланып, 1946 жылы И.В.Сталиннің тағайындаған «1941–1945 ж.ж. ҰОС-ғы Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 ж.ж. ҰОС-ғы Жеңістің 40 жылдығы», Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы Жарлығымен «Ұлы Жеңістің 50 жылдығы» медальдарымен наградталған.
Халқының құрметіне бөленген...
Бейбіт өмірді қалпына келтіру кезінде де Жолдас Бисалиевтің өмір жолы болат жолдың бойымен тығыз байланыста өтті. Тылдағы еңбек майданының алдыңғы шебінде құрыштай шыныққан жас жігіт тағдырын темірдей тәртіпке негізделген теміржол торабымен тығыз байланыстырды. Осы салада жұмысшы ретінде еңбек ете жүріп, 1963 жылы өндірістен қол үзбей Орынбор орман қорғау теміржол техникумын сырттай тәмамдады. Кейін партияның жолдауымен Қандыағаш, Шалқар, Никельтау, Шұбарқұдық, Орынбор, Мақат, Гурьев, Бейнеу стансаларында қызмет атқарды. 1966 жылы Құлсары теміржолының іске қосылуына байланысты арнайы шақыртумен Ембі (Жылой) ауданына келді. Мұнда Құлсары стансасының ағаш-орман қорғау дистанциясының бастығы болып тағайындалып, табан аудармастан ширек ғасырдан астам уақыт басшылық жұмыста болды. Осы мекемеден 1992 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Жолдас Бисалиевтің басшылық жасаған жылдары өңірдің теміржол торабы жасыл желекке оранды. Ал теміржол тартылғанда «айдаладағы ақ отау» секілді болып тұрған станциялар мен разъездер Құлсары ағаш-орман қорғау дистанциясының күшімен ағаштар отырғызылып, күтіп-бапталып, аз жылда жайқалып шыға келді. Күні бүгін Бекбике, Шоқпартоғай, Құлсары маңында болат жолды құм көшкіні мен қар басудан қорғау мақсатында отырғызылған биік сексеуілдер де әлі күнге бой көтеріп тұр. Онда Жолдас ақсақалдың айқын қолтаңбасы бар. Тек көзі тірісінде қарияны осы ағаштардың қараусыз қалғаны қатты қынжылтты. Себебі бұл салада баяғыдай көгалдандырумен айналысып, оларға күтім жасайтын арнайы мекеме жоқ. Бүгінде Жолдас Бисалиевтің отбасын «Теміржолшылар әулеті» деп шүбәсыз айтуға болады. Өйткені ол 1944 жылы отау құрған жұбайы Сәния Оразғалиевамен бірге 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы дерлік әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын меңгерді. Айталық, тұңғыш ұлы Рай ұзақ жыл Мақат локомотив депосына қарасты Құлсарыдағы маневрлік колоннасын басқарып, зейнеткерлікке қалды. Ортаншысы Ыбырай да 30 жылдан астам осы салада еңбек етіп, Астанадағы «Қазақстан ЖАҚ»-да қызмет атқарды. Қазір Ақтөбе қаласында тұрады, зейнеткер. Екеуі де «Құрметті теміржолшы». Марқұм ұлы Мергенбай да осы саланы таңдап, өмір бойы тепловоз жүргізушісі, кейін машинист-нұсқаушы болып еңбек етті. Қыздары да әке жолымен тағдырын осы болат жолмен байланыстырып қызмет атқарды. Бүгінде зейнет жасында. Жолдас Бисалиевтің өзі 2011 жылдың шілде айында 85 жастан асқан шағында дүниеден озды. Өкінішке қарай, өмірлік серігі, балаларының анасы, немере-жиендерінің сүйікті әжесі Сәнім Оразғалиева ол кісіден ертерек, яғни, 2000 жылдың қазанында өмірден өткен еді.
Жолдас Нұрмұханұлының көзі тірісінде маған берген ақыл-кеңесі, ағалық қамқорлығы, өмірі мен еңбек жолы әлі күнге есімде. Сонау 1966 жылы Мақат-Маңғыстау теміржолы пайдалануға берілгенде Құлсары поселкесіндегі теміржол станциясының бойынан жергілікті теміржолшы тұрғындар үшін шағын қалашық бой көтерді. Онда 14 қос қабатты тұрғын үй, зәулім мәдениет ошағы, қос қабатты балабақша, сегізжылдық №468 орыс мектебі, екі дүкен мен бір емхана, теміржол вокзалы салынып, ДС, ПЧ-15, ШЧ-24, НГЧ, ЭЧС, ПТО мекемелері құрылды. Сол кезде Жолдас аға мен Сәнім апай отбасымен №9 үйде, ал біздер №23 үйде тұрдық. Алғаш біліскеннен-ақ ағамыз бізге жылы ұшырасып, сәлеміміз түзу болып, өзара жақсы қарым-қатынас орнаттық. Ол өте қарапайым, адамгершілігі зор, мейірімі мен қайырымы да мол, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қамқорлық танытып тұратын кісі еді. Өзінің мамандығы бойынша міндетін мінсіз атқарған, өз кәсібіне адал, еңбекте озат, басшылық қызметте де абырой-беделі жоғары жан болды. «Үлкен иіліп тұрса, кіші үйіріліп тұрады» дегендей, мен сол шақтарда: «Япыр-ай, адамдардың барлығы осы ағадай кішіпейіл келсе, шіркін, жер бетінде ешқандай қиындық, кедергісіз өмір сүруге болар еді-ау» - деп ойлайтынмын.
Жақсылықтың жарқын ізі
Ағамыз әрдайым да ізденімпаз, еңбекқор жан болды. Өз кәсібін сүйді, әрбір ісін адал атқарды. Сол кезде теміржол төңірегіндегі мекеме басшылары Б.Н.Корся, Х.Бекешов, И.Аймұрзаев, К.Бисенов, А.Аманбаев, Б.А.Молдасалиев, О.Қ. Кенжеғұлов және М.Үзбаевтар болды. Жолдас Нұрмұханұлы осындай кәсіпорындардың ауласы мен кеңсесінің алдына, «Теміржолшылар» қалашығы тұрғындарының әр үйінің ауласына түрлі талдар мен жеміс ағаштарын отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын шебер ұйымдастыра білді. Сол үшін Қамыскөл көлінің жағалауына су айдайтын қуатты мотор қондыртып, вокзал маңына тікелей құбыр тартқызды. Сөйтіп әр тұрғынның шарбағына, мекемелерге, балабақша мен мектепке, емханаға көлдің суын келтіріп қойды. Ал шыбықтарды жан-жақтан арнайы тапсырыспен алдыртып, жұртшылыққа тегін таратты. Міне, осындай сауапты да жауапты жұмыстардың нәтижесі аз ғана уақыттың ішінде көріне бастады. Көп ұзамай айдалаға салынған қалашық жасыл желекке бөленіп, адам танымастай өзгеріп шыға келді. Бұл аз десеңіз, тұрғындардың кино көруіне арналған жазғы клубтың жанынан саябақ салдыртып, оны да гүлдендірді. Сол дәуірде бүр жарған жас шыбықтар бой көтеріп, әлі күнге «Теміржол» қалашығына сән беріп тұр. Ал далалықта теміржолды бойлай жайқалып тұрған сексеуілдер де сол өткен ғасырдың ғибратынан сыр шертіп тұрған тарихшыдай көрінеді.
Жолдас Бисалиев ресми түрде «Құрметті теміржолшы» атанбаса да, көзі тірісінде өз әріптестері мен «Теміржолшылар» қалашығы, қала берді аудан жұртшылығы алдында ерекше құрметке бөленді. Оған бұл атақты әлдеқашан халық өзі беріп тастаған еді. Сонысымен-ақ ол мақтауға да, мақтануға да тұрарлық тарихи тұлғаға айналды. Бүгінде теміржолшылық кәсіпті ұл-қыздары, немере-жиендері жалғап жатыр.
... Жолдас ағаммен көзі тірісінде соңғы рет тілдесіп қалған сәтім есіме түсіп отыр. Әлі есімде, 2011 жылдың басында тұңғыш баласы Рай жиенім әкесінің сәуір айында 85 жасқа толатынын айтқан-ды. «Сіздің мүмкіндігіңіз бар ғой, жездеңіз жайлы естелік жазсаңыз» деген еді. Содан сәті түсіп сол жылдың 7 сәуірі күні Жолдас ағаның шаңырағына арнайылап амандасуға келдім. Ағамен бірге отырып амандық-саулық сұрасып, әңгіме тиегін ағыттық-ау келіп, сол күні. Өткен-кеткенді қозғап, бүгінді бағдарлап, болашақты да болжап қойдық. Соңынан бір-бірімізге ақ тілекті қардай жаудырып, қимай қоштастық. Осындай нәзік жанды, кішіпейіл, жарқын да жылы жүзді адамды қаншама жылдан бері көріп-біліп жүрсек те, дәл сол күнгідей шүйіркелесіп ұзақ отырмаған екенбіз. Көп кешікпей абзал аға дүниеден озды деген суыт хабар да келіп жеткен-ді ...
...Жолдас аға, Сіз дүниеден өткеніңізбен, өлген жоқсыз, себебі артыңызда ізіңізді жалғар ұрпағыңыз бар. Халықты алаламайтын, жақыныңды жағаламайтын, сүрінгенді сүйейтін, жылағанды жұбататын, қисайғанды түзейтін өнегелі қасиетіңізбен есте қалдыңыз.
Меңдібай ХАЙРУЛЛИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жылыой ауданының Құрметті азаматы


