Жеңілдіктер мен төлемдер

Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) аз қамтылған отбасылар үшін маңызды қолдау тетіктерінің біріне айналып отыр. Мұндағы басты мақсат – мұқтаж отбасыларға дер кезінде көмек көрсету. Өйткені қоғамның әл-ауқаты ең алдымен әрбір отбасының жағдайынан бастау алады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес, мемлекеттік білім беру мекемелерінде білім алатын және тәрбиеленетін балаларға қаржылай әрі материалдық көмек көрсету қарастырылған. Бұл көмек мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға ғана емес, сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, бірақ АӘК алмайтын отбасылардың балаларына да беріледі. Сонымен қатар жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, өзге отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардан шыққан балалар және өзге де әлеуметтік осал санаттағы білім алушылар қамтылады. Бұл көмек түрі жыл сайын тамыз айында «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында бір реттік қаржылай қолдау ретінде жүзеге асырылады. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек туралы көпшілік естігенімен оны тағайындаудың нақты талаптары мен тәртібін біле бермейді. Дегенмен бұл – аз қамтылған азаматтарға арналған негізгі әлеуметтік қолдау шараларының бірі. Сондықтан табысы төмен отбасылардың қандай жағдайда мемлекеттен көмек ала алатынын нақтылау маңызды. Қазіргі таңда аудандық білім бөліміне қарасты 20 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Бұл мектептерде 19 мыңға жуық оқушы білім алса, олардың шамамен 3000-ы аз қамтылған отбасы балалары болып есептеледі.

Жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен азаматтар мен отбасылар аз қамтылған деп танылады. Бұл көрсеткіш белгілі бір кезеңге, яғни бір тоқсанға (үш айға) белгіленеді. Аз қамтылған мәртебесін анықтау барысында бірнеше фактор ескеріледі. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің жалпы табысы, бірге тұратын адамдар саны, есептік кезеңдегі табыс көлемі, еңбекке қабілетті мүшелердің болуы және олардың жұмыспен қамтылуы, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайлар назарға алынады. Егер отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспаса, оларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бұл ретте отбасының жалпы табысы әр тоқсан сайын расталып отырады. 

Соңғы жылдары аз қамтылған отбасы балаларына берілетін біржолғы қаржылай көмекке өтініш білдірушілер саны артып келеді. Бұл халықтың әлеуметтік қолдауға деген сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Орташа табысты есептеу үшін өтініш берер алдындағы соңғы үш айдағы отбасының жалпы табысы алынып, ол үш айға және отбасы мүшелерінің санына бөлінеді. Яғни барлық табыс сомасы алдымен үшке, содан кейін отбасындағы адам санына бөлініп, жан басына шаққандағы орташа табыс анықталады. Ал атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері әр отбасы мүшесіне шаққандағы орташа табыс пен белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде есептеледі. Бұл есептеу ата-аналар мектепке құжат тапсыру кезінде жүргізіледі. Осы мақсатта аудан бойынша барлық жалпы білім беретін мектептерде ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Құжат тапсыру мерзімі осы жылдың мамыр айынан басталады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл көмек көптеген отбасының күнделікті қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар табысы кедейлік шегінен төмен отбасылардың балалары мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. 

Тұрсынай Лесова,

аудандық білім бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT