Жағажайда жасөспірімдер жүр...

Жаз мезгілі басталғалы бері аудан тұрғындарының су айдынына ағылуы көбейді. Алайда аптап ыстықпен бірге судағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түсуде. Осыған байланысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері арнайы құтқару жасағымен бірлесіп “Қамыскөл” су айдыны маңында кезекті рейдтік іс-шара өткізді. Қауіпсіздік шараларының жүргізілу барысын біз де бірге бақыладық.

Іс-шара аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің ғимаратында өткен саптық жиыннан басталды. Жеке құрамға қауіпсіздік талаптары мен рейд барысында атқарылатын жұмыстар түсіндіріліп, кейін қызметкерлер Қамыскөл жағажайына бағыт алды.Тексеру жұмыстары басталған алғашқы минуттардың өзінде-ақ белгіленбеген орында, ата-анасының қарауынсыз суға түсіп жүрген жасөспірімдер анықталды. Қызметкерлер балалардың жеке басын анықтап, заң талаптарына сәйкес бұл туралы 102 арнасына хабарлама берді. Сонымен қатар жасөспірімдерге судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, олардың өміріне қауіп төндіретін әрекеттердің салдары айтылды. 

Арнайы құтқару жасағының мамандары моторлы қайықпен су айдынын аралап, суда демалып жүрген тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізді. Азаматтарға мас күйінде суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау, рұқсат етілмеген орындарда шомылмау және қауіпсіздік талаптарын сақтауды түсіндірді. 

Мамандардың айтуынша, жазғы шомылу маусымы басталғалы аудан аумағындағы су айдындарында күн сайын профилактикалық жұмыстар үзбей жүргізіліп келеді. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қайғылы оқиғалардың алдын алу және халықтың жауапкершілігін арттыру. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Нұрсәт Хаберовтың айтуынша, ескерту шараларына қарамастан жыл басынан бері аудан аумағында суға кетудің 5 дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш әрбір азаматтың қауіпсіздік талаптарын сақтауының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. 

-Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарды тек ресми түрде белгіленген жағажайларда ғана шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өздеріңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыздар. Ешбір демалыс адам өмірінен қымбат емес,-деді Н.Хаберов. 

А. Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT