Өзекті мәселелер сөз болды

Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың ауылдық округ тұрғындарымен есептік кездесуі Ақкиізтоғай ауылында жалғасты. Кездесуге аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдігі, аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысып, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Жиын барысында аудан әкімі ең алдымен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды.

Тұрғындармен соңғы кездесу 2025 жылдың қараша айында өткен. Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында Ақкиізтоғай ауылдық округінде 10 есептік кездесу ұйымдастырылып, нәтижесінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге байланысты 69 нақты тапсырма берілген. Соның ішінде 42 тапсырма толық орындалса, 18 мәселе бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме және заңды жауаптар берілген. Қалған 10-ға жуық мәселе қазіргі таңда кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.Аудан басшысы ауыл тұрғындары көптен күткен Мәдениет үйінің құрылысына арнайы тоқталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде және нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының рухани-мәдени өміріне тың серпін беріп, түрлі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік жасайды.

-Сіздермен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің әрқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде ауылдағы көптеген жобалар тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі Мәдениет үйінің құрылысы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл бұл нысанды толық аяқтап, халық игілігіне пайдалануға беру көзделіп отыр. Кездесуде автомобиль жолдарының құрылысы да кеңінен сөз болды. Аудан бойынша жүзеге асырылып жатқан ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі дәл осы Ақкиізтоғай ауылдық округінде іске асырылуда. Бірінші кезеңдегі жол құрылысы толық аяқталса, қазіргі таңда екінші кезеңнің жұмыстары жалғасуда. Аудан басшысы мердігер мекемелерге құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше назар аудару тапсырылғанын айтып, басталған жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтауға күш салынатынын жеткізді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары мектеп алдындағы автотұрақтың салынуы мен мектепке дейінгі жолды асфальттау мәселесін көтерген болатын. Бұл ұсыныстар да екінші кезеңдегі жол құрылысы жобасына енгізіліп, алдағы уақытта толық жүзеге асырылмақ. Жол құрылысы – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан басталған жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуы басты назарда болады. Мектеп алдындағы автотұрақ пен мектепке дейінгі асфальт жол да осы жобаның аясында жүзеге асырылады,-деді аудан әкімі.

Кездесу барысында ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты өзге де өзекті мәселелер сөз болды. Соңғы жылдары Ақкиізтоғай ауылында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, көшелерге асфальт төселіп, сыртқы жарықтандыру жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылуда. Сонымен бірге жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынған. Бұл бағытта мердігер ұйымдармен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілерді тарту бойынша жобалар әзірленуде. Аудан әкімі құрылыс нысандарының сапасы мен орындалу мерзімі тұрақты бақылауда екенін атап өтті. 

Кездесу барысында тұрғындар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ауылдың алдағы дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе жол сапасы, ауыз су, инженерлік желілер, көше жарығы мен әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа аудан басшысы мен жауапты бөлім басшылары нақты жауап беріп, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жұмабек Қаражанов халықпен ашық пікір алмасудың маңыздылығына тоқталып, тұрғындар көтерген барлық мәселелер назарға алынатынын айтты. Оның сөзінше, қаржыландыру мүмкіндігі мен жобалардың дайындық деңгейіне қарай барлық ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.Кездесу соңында аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді мұқият зерделеп, олардың шешілу жолдары бойынша нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді. 

А. Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT