АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тартылатын капитал көлемін ұлғайтуға ғана емес, оның құрылымын өзгертуге де бағдарланған жаңа инвестициялық цикл қалыптасуда.
Басымдық өңдеу өнеркәсібіне, терең өңдеуге, жоғары технологиялық өндірістерге және қосылған құны жоғары өнім өндірісін локализациялауға ауысады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл тәсілдер Мемлекет басшысының 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалды. Үкіметке өндірістік секторға сапалы инвестициялар тартуды күшейту, экономиканың қажеттіліктеріне қарай «инвестицияларға тапсырысты» қалыптастыру және инвесторларды сүйемелдеудің неғұрлым тиімді жүйесін жолға қою тапсырылды.
Осы міндеттерді дамытуда ірі жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілуде, инвестициялар туралы келісімдерді қолдану кеңейтілуде. Бұл тетік 2021 жылдан бері жұмыс істейді және құны 32 млрд теңгеден асатын жобаларды қамтиды. Ол мемлекеттің және инвестордың міндеттемелерін, жобаны жүзеге асыру шарттарын, сондай-ақ бүкіл инвестициялық цикл бойындағы негізгі параметрлердің тұрақтылығын бекітеді.
Ереже бекітілген сәттен бастап жалпы сомасы 17,8 трлн теңгеден асатын 66 инвестициялық келісім жасалды. Оның ішінде 2024 жылы – 6, ал 2025 жылы жалпы сомасы шамамен 11,2 трлн теңгені құрайтын 30 келісім жасалды. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы шамамен 4,4 трлн теңгеге тағы 25 келісім жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен асып түсті. Жобалар фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және денсаулық сақтауды қамтиды.
2026 жылы Үкімет жаңа инвестициялық циклді іске қосу және сапалы капитал тарту жөніндегі Президент тапсырмасын орындау мақсатында инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруды жалғастыруда. Жұмысқа мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, даму институттары, ұлттық компаниялар мен өңірлер біріктірілген.
Капитал тартудың жаңа жүйесінің дамуы, инвестициялар құрылымының өзгеруі және басым салалардағы ірі жобалар туралы Primeminister.kz редакциясының шолуынан оқи аласыз.
Жаңа сүйемелдеу жүйесі: инвестициялық өтінімнен бастап жобаны іске қосуға дейін



