Қазақ халқының ұлы ақыны, аудармашы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай №1 жалпы орта білім беретін мектепте «Абай –дана, Абай –дара қазақта» атты әдеби сайыс өтті. Сайысқа жоғары 10 «а», «б», «в» сыныптары топтасып команда болып, 5-тур бойынша қатысты.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,- деп өз туындыларының мәңгі өміршеңдігін болжап, төрелігін өзі айтып кеткен Абай атамыз бүгін жарқын бейнесімен де, жырымен де бізбен бірге жасап келеді. Оқушылар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының балалық шағы туралы деректермен танысты. Ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды.
«Көзімнің қарасы» әнін Ш.Амандықова тамылжыта орындады. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайындағы сұрақтарға дұрыс жауап беріп, дана ой иесіне қатысты мағлұматтарды өте жақсы білетіндерін байқатты. Сайысты өткізгендегі мақсатым: Абай шығармашылығын жас ұрпақтың «жүрегіне терең бойлатып», Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілтіп, «сөз патшасы - өлең» құдіретінің асыл маржандарын бойларына сіңіру еді.
Кеш соңында мен: Бойларыңда от бар екен - байқадым,
Жүректерде шоқ бар екен - байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым, - деп жас оқырмандарға алғыс айттым.
Шәкірттер, шындығында да, сайысқа үлкен ынтамен қатысты. Абай әлемін бүкіл дүниеге таратып, танытқан кемеңгер ұлы Мұхтар Әуезов «Мен Абайды тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз ұлы ғұламаның тереңіне бас қойып, сол тереңнің дәмін ғана таттық деп ойлаймын.
Зеріп Орынбасарқызы,
№1 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасының меңгерушісі