Қалада қаңғыбас иттер қаптап жүр

ит

Жергілікті халықтың жиі талқысына түсіп жүрген өзекті мәселенің бірі - азу тісі ақсиып, өткен-кеткенге қарап сілекейі шұбырып, көшені емін-еркін кезіп жүрген қаңғыбас «құтжолдардың» жайы. Бүгінде Құлсары қаласының қай түкпіріне бара қалсаңыз да алдыңыздан азу тісі ақсиған иттер атып шығады.Тіптен өріп жүр. Көшедегі олай-бұлай өткен адамдарға шабуылдап, ойда-жоқта арсылдай атылып,балағына жабысып, өміріне қауіп төндіретіні қорқынышты. «Ит–жеті қазынаның бірі» деп әсірелеп баққанымызбен, тегі жыртқыш хайуанның адамзат баласына келтіретін залалы да аз емес.

Құлсары қаласындағы өріп жүрген иттердің қала тазалығына келтіріп отырған зияны да орасан. Бұрыш-бұрышта тізіліп тұрған қоқыс жәшіктерін ақтарып, онсыз да тазалығы сын көтермейтін шағын қаланың одан бетер берекесін қашырады. Көшедегі шашылған қоқыс онсыз да күрделі экологиямызды одан әрі асқындыра түседі. Мұның денсаулыққа тигізетін зияны, жұқпалы ауруларды таратуға соқтыратыны бесенеден белгілі. -Таң сәріде күнделікті әдетпен жаяу жүргіншілерге арналған жол бойымен ертелетіп жұмысқа бет алдым,- дейді аты-жөнін атамауды өтінген бір құлсарылық тұрғын,- Ұзақ жолды артқа тастап, көздеген жеріме енді жақындай бердім-ау дегенде анадайдан иттердің тобырымен жүргенін көзім шалып қалды. Жанына жақындасам, жалғыз-жарым жүрген мені көздей жүгіретін шығар деген күдікті оймен көп кідірмей жолдың келесі бетіне өтпекші болдым. Көз ілеспес жылдамдықпен, зырылдап өтіп жатқан көліктердің салдарынан асфальт бойында біраз тұрыңқырап, енді өте бергенімде жаңағы тобырдың маған қарай тілдері салақтап, көздері алақтап келе жатқанын байқап, жүрісімді жылдамдатып, дымымды шығармай қастарынан өтіп кеттім. Бұл жолы маған қарсы жолыққан қаңғыбас иттердің менімен шаруасы болмай, жанымнан шұбырған күйі өте шықты. Дегенмен де, кейбір дәніккендерінің көзі қарауытып, көшеде ойын ойнап, бейқам жүрген бүлдіршінге немесе ағаш таяққа сүйеніп, екі аяғын тең басуға икемі келмей, сүйретіліп бара жатқан қарияларды қаппасына кім кепіл?!

Міне, мұндай сорақы көріністі тек Құлсары қаласынан ғана көруге болады. Еліміздегі қай қалаға барсаңыз да көшеде алаңсыз жүресіз. Себебі онда қаңғырған бұралқы иттер топ-тобымен шұбап жүрмейді. Шынында да, қала деген аты дардай Құлсарыдағы мұндай кемшілікпен кім күреседі? Неге құлсарылықтар әрбір өркениетті қала тұрғындарындай көшелерде жайбарақат жүре алмайды? Түн болса еліріп шыға келетін бұзақылардан, ал күндіз азу тісі ақсиған бөрібасарлар мен сырттандардан қорқып жүре алмайсың. Осындайда біз қандай жерде, қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз өзі деген ойға келесің? Қала тұрғындарының өз көшелерінде емін-еркін жүре алмауы, кез келген сәтте алдынан бұралқы ит шығатындықтан өмірлерінің, денсаулықтарының қауіпті жағдайда екендігі қала басшылары мен құзырлы орындарды неге алаңдатпайды? Мұндайда негізінен тікелей осы салаға жауапты құзырлы мекемеге бет алдық.

Ветеринария бөлімінің уәжі

Халықтың жүйкесін әбден тоздырған мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында жауапты бөлім - аудандық ветеринариялық стансаға келдік. Басшысының еңбек демалысына кеткенін айтқан орынбасары Бақтыбай Нұржанов есімді қызметкер журналистерді кіреберістен қарсы алды. Қызметіне үстіміздегі наурыз айынан бастап кіріскен ол көшедегі қаңғыбас иттердің мәселесі осыншалықты қиындық тудыратын, күрделі проблема екенін білмей келіппін дейді. -40 жылға жуық осы салада еңбек етсем де қала көшелерінде бұралқы иттердің мұншалықты көптеп жүретінін аңғармай келіппін,- дейді Бақтыбай Нұржанов, -жұмысыма енді бет бұрдым дегенде елімізде төтенше жағдай жарияланып, соңы карантинге ұласып, тек біздің ғана емес, барлық саланың жұмысы жүрмей қалды. Енді соңғы үш айда жұмысқа бел шешіп кірістік. Шілде айында адам санын көбейтіп, жұмыс барысында жалғыз көлік аздық ететін болған соң, тағы да бір көлікті қоса алдырдық. Сөйтіп, жұмысты бір жүйеге келтірген соң, қажетті шараларды қолдануды бастадық. Күніне 16-17, кей кездері 30 ит атылатын уақыттар болады. Жалпы 2020 жылдың жоспарына сәйкес ауданда барлығы 2321 ит, 200 мысық жойылуға тиіс болатын. Бүгінге дейін бұралқы 1310 ит, 178 мысықтың көзі жойылды. Мыңнан аса иттің көзін жойғанның өзінде көшеде тайраңдап жүретін иттердің саны азаяр емес. Осы сәтте мен сұрақты тұрғындардың өзіне қарсы қойғым келеді, ит ұстаудың тәртібін ұстанып жүр ме екен? Әрине, жоқ. Байқасаңыз, көшеде қаңғып жүргендердің барлығы бірдей бұралқы, жабайы ит емес. 90%-ы иесінен күтім көрген, үй жағдайында өсірілген иттер екені білініп тұрады. Десе де заң тұрғысынан алсақ, көшеде иесіз жүрген иттің барлығы да «қаңғыбастық» санатқа енгізіледі. Иелерімен бұл жайдың төңірегінде сөйлессең, қолда өскен иттен адамға қауіп төнбейді деп жауап береді. Бұл дұрыс емес,-дейді Б.Нұржанов. Байқағанымыздай, көшедегі шұбырып жүрген иттердің бәрі бірдей бұралқы емес. Демек, олардың басыбайлы иелері бар. «Қанша қауіпсіз деген күннің өзінде 4-5 ит атаулы басы біріксе, жабайылық қасиеті оянып, көзінде ызаның ұшқыны пайда болып, қауіптілік ықтималдығы арта түседі. Кем дегенде айына ауданымыздағы 12-15 тұрғын сол қаңғыбас алабайлар мен төбеттердің кесірінен зардап шегіп жатады. Денелеріне түрлі жарақаттар түсіп, құтыру ауруына ұшырап, ақыр аяғы өлім аузына дейін апарады. Адамды ит қапқан жағдайда 14 күн бойы зардап шегуші тиісті ем-домын алатын болады. Осы уақыт аралығында біз иттің мінез-құлқындағы, бойындағы өзгерістерді бақылауға аламыз. Иттің бойында құтыру ауруының бар, жоқтығы сол екі апта уақыттың ішінде белгілі болады. Ешқандай ауру белгілері жоқ болса, науқас емін тоқтатады. Құтырудан бөлек иттер түрлі жұқпалы аурулармен де ауыруы мүмкін ғой, келеңсіз жағдайлардың барлығының алдын алып, болдырмауға зор күш салып жатырмыз. Тек тұрғындар тарапынан, қолдау білдірілсе болғаны»,-деп жауап берді ол. Сипаты мен тұрпаты бөлек тазы иті аңшыларға жолшыбай жолықса, олар бірден жойылмайды екен. Алдымен, иесіне ескерту берілетін болады. Басы алтын, бағасы қымбат деп деп баптап келген кей текті тұқымды иттер бос жүрсе, түз тағысына айналып, ойда жоқта асыраған иесін де қауып алып жатады. Бұл әсіресе алабай тұқымында жиі кездеседі. Құлсары қаласында адамдарға қауіпті боп саналатын аса жыртқыш осындай иттерді асырайтындар баршылық және олардың көбі көшеде емін-еркін бос жүреді. Топ-тобымен көше бойын жағалаған жыртқыш иттер дер кезінде ауыздықталмаса, тұрғындардың да өмірі қыл үстінде тұр деп есептеуге болады. Мұны қарапайым халық та, жауапты мекеме басшылары да жете түсінсе игі.

Тұрғындар ережені сақтай ма?

Бұдан соң біз қала тұрғындарының ит ұстау ережесін мүлдем сақтамайтынын, тіптен кейбірінің мұндай ереженің бар-жоғын да білмейтіндігін еске алдық. Шынында да, иттердің бос жүруіне тұрғындар да кінәлі. Қаладағы кез келген үйдің қақпасына жақындасаңыз, «Сақ болыңыз, қабаған ит бар» деген жазуды мүлдем кездестірмейсіз. Есесіне шынжырын үзердей жұлқынып, адамдарға өршелене, ызалана ұмтылған қабаған ит әр құлсарылық тұрғынның үйінде бар. Кейбір үйлер бірнеше ит асырайды. Түнде осы иттерін бой жазып келсін деп шынжырдан босатып қоя береді. Күні бойы бұғауда тұрған ызалы хайуанаттың бос жүргенін көзге елестетіп көріңіз. Сондықтан Құлсары қаласының көшесінде күндіз ғана емес, түнде жүру де қауіпті. Себебі алабай, басқа да жырқыштығы басым тұқымдар өріп жүреді.

Біз қала тұрғындарының ит ұстау ережесін неліктен сақтамайтындығын, оны кімдер бақылауға тиісті екендігін білмек болып Құлсары қаласы әкімдігіне хабарластық. Қала әкімінің орынбасары Қ.Адинов: «Бұрын қала көшелерін кезіп жүрген қаңғыбас иттермен күрес жұмыстарына арнайы тендер ойнатылып, бұл іспен жеке кәсіпкерлер айналысатын еді. Енді жыл басынан бері иттерді жою жұмыстарына аудандық ветеринариялық станция бөлімі кірісті. Біз тек жылына көзі жойылуы қажет иттердің санын көрсету арқылы оларға тапсырма бере аламыз. Сондай-ақ, ескертулер беріп, хабарламалар түсіреміз. Қалған жұмыстарды тиісті мамандар атқарады»,-деп жауап берді. Бұған дейін де қалада кішкентай бүлдіршінді ит қауып алғаны, қарияны қапқаны туралы алып-қашпа әңгіме көп. Біз аудандық орталық ауруханаға хабарласып, бір жыл ішінде қанша адамды ит қапқандығы жөніндегі деректі білмек болдық. Деректерге сүйенсек, соңғы 8 айда 20 адам жабайы иттің қабуы салдарынан зардап шегіп, орталық емханаға тіркелген. Көшелердегі иесі белгісіз иттерден зардап шеккендердің саны - 9. Даладағы жабайы мысық тырнап, жарақат алған адам саны 3-еуге жеткен.

Еліміз тәуелсіздік алып, дамудың даңғыл жолына түсті. Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Атырау, басқа да қалалар қарышты түрде өсуде. Алайда, мұнайы көл-көсір, қазба байлықтары мол Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында бұралқы иттерді жою тәрізді мәселенің шешілмей отырғаны қынжылтарлық. Сондықтан біз, журналистер осы проблеманың себеп-салдарына үңілуді жөн көрдік. Құлсарылықтардың әрбір өркениетті қаладағыдай көшеде «Бұл - менің қалам» деп мақтанышпен еңсесін тік ұстап жүргенін қалаймыз. Керісінше... «қай көшеден алабай атып шығып, тәніме тісін батырады-ау» деп жалтақтап, қорқыныштан жүрегі алып-ұшып, үрейленіп келе жатқанын қаламаймыз.

Ш.Хамитова, С.Тәжіқызы

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика