Халықпен ашық әрі тұрақты диалог орнату – жергілікті атқарушы биліктің негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта әр алты ай сайын ауданға қарасты кент пен ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесу өткізетін аудан әкімі Жұмабек Қаражанов кезекті жиынын Майкөмген ауылдық округінен бастады. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму барысын саралау, сондай-ақ халықтың көкейінде жүрген сұрақтардың шешімін іздеп, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды кеңінен талқылау.
Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңгі даму бағыты сараланған маңызды басқосу Майкөмген ауылындағы Ақтан Керей көшесі бойында орналасқан шағын футбол алаңында өтті. Кездесуге аудан әкімінен бөлек, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері арнайы барып, ауыл жұртына құлақ түрді. Жиын «instagram», «facebook» әлеуметтік желілерінде де тікелей эфир арқылы көрсетіліп, өзіндік себептермен келе алмаған майкөмгендіктердің байланыс орнатуына мүмкіндік жасалды. Басқосуда алдымен өткен алты айда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар тізімі таныстырылды.
Бүгінде Майкөмген ауылында шағын және орта кәсіпкерлік саласы біртіндеп дамып келеді. Қазіргі таңда округ аумағында бірқатар кәсіпкерлік нысандар жұмыс істеп, тұрғындар жұмыспен қамтылуда. Мұнда ауыл тұрғындары негізінен сауда, қызмет көрсету және мал шаруашылығы бағытында еңбек етуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған азаматтар да бар. Ауыл жағдайына келер болсақ, шалғайдағы шағын ауыл түгелдей табиғи газбен, электр желісімен қамтылған. Ауылда әкімшілік, мектеп, балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, емхана, мәдениет үйі бар. Бұдан бөлек теміржол бекеті жұмыс жасап тұр. Ауыл халқының басым көпшілігі осы мекемелерде еңбек етеді. Мұнда 2015 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су-айдау су тазарту стансасы пайдалануға берілді. Округ «Tele2», «Kcell», «Beeline» сынды мобильді интернет операторларына қосылып, мұнаралары орнатылған. Ауыл көшелері жарықтандырылып, қазіргі таңда ауылішілік тас жол төсеу жұмыстары жүзеге асуда. Дегенмен, шешімін таппай тұрған мәселе де аз емес. Соның бірі – ауылда салынуы тиіс болған 300 орындыққа шақталған білім ордасы. Бұл жөнінде ауыл тұрғыны Інжу Ермекбаева толығырақ сауалын жолдап:
-Ауыл мектебінің қазіргі жағдайы өзіңізге де мәлім. Заманның ағымына сай, қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылған, кең әрі жарық оқу кабинеттерінде білім беріп, шәкірттеріміздің де заманауи мектепте білім алғанын қалаймыз. Алайда, бұл мәселе қанша жылдан бері шешімін таппай келеді. Ескі мектеп ғимараты 1994 жылы тұрғызылған. Іргесі құламай тұрғанына 30 жылдан асты. Мұнда спорт залы, АКТ залы, кітапхана, үйірмеге арналған кабинеттер жоқ. Соған қарамастан бұл жерде дарынды ұл-қыздар білім алуда,- деді аудан әкімінен мектеп құрылысының не үшін кешігіп жатқанын сұрап. Бұл сұраққа жауап берген аудан басшысы Жұмабек Байрақбайұлы құрылысқа толық жауапты облыстық құрылыс басқармасы екенін жеткізді. Бұл ретте жергілікті әкімдік тарапынан ұсыныс болғанын және мәселенің жиі талқыланып жүргенін де жасырмады.
Тұрғындар бұдан бөлек алақандай ауылының жасылдануына ықпал ететін саябақ құрылысы мен тас жол құрылысын, сондай-ақ, салынғанына жыл толмай құлаған аялдамалар мен кәмелет жасына толмай мотоцикл тізгіндеген жасөспірімдер туралы мәселелерді тізіп салды. Көптің көкейінде жүріп, шешімін таппаған сұрақтарды ақырына дейін тыңдаған аудан басшысы әр сауалға толыққанды жауап беріп, ойын жеткізді. Ол өз сөзінде:
-Алдымен, саябақ құрылысына келер болсақ, бірден айтайын, саябақ биыл салынбайды. Ал тас жол мәселесі өз орнымен шешімін тауып келеді. Атап айтсақ, биыл жыл соңына дейін ауылда 4,4 шақырым жол құрылысы аяқталады. Құлаған аялдамаларға мердігер жауапты. Яғни, сіздерге аялдаманы салған – «Армандастар» ЖШС. Олардың 2 жылдық кепілдік мерзімі бар. Сондықтан бұл іс міндетті түрде назарда болады. Иә, ауылдың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан, мұнда көлік құралдарының бірі - мотоцикл тым көп. Полиция қызметкерлерінің сөзінше, оның саны 200-ден асып тұр. Оны үлкені бар, кішісі бар, қатар тізгіндейді. Шындығына келер болсақ, жасыратыны жоқ, қазақшылыққа салып, мал қайырып келуге үйдегі жасөспірім ұлды жұмсайтын өздеріңіз. Кейін ол бала темір тұлпарынан құласа, полиция қызметкерлерін жазғырасыздар. Көз көріп, құлақ естіп отыр. Ауыл ішінде тіркеу нөмірінсіз жүрген мотоцикл көп. Оларды облысқа апарып тіркетіп, жүргізуші куәлігін алмаған балаларға бермеңіздер. Бұл ретте полиция қызметкерлеріне құжаты жоқ көлік құралдарын жинап алып кетуді талап етемін,-деді толығырақ.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмады. Аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, шешімі жергілікті деңгейде жүзеге асатын мәселелердің кезең-кезеңімен орындалатынын айтты. Ал облыстық деңгейде қаралатын жобалар бойынша тиісті басқармалармен бірлескен жұмыс жалғасатынын жеткізді. Иә, осындай ашық диалог алаңдары жергілікті билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық. Сондай-ақ әр елді мекеннің тыныс-тіршілігін бағамдап, тұрғындардың талап-тілегін ескеруге және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ




