Аудан әкімі қала тұрғындарын қабылдап, олардың тұрғын үй, жұмыссыздық, аялдама, балалар ойын алаңы сынды мәселелеріне құлақ түрді. Қабылдауға қатысқан 10-нан аса тұрғын өзінің жеке ұсынысын айтып, көкейде жүрген сауалын қойды. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, тиісті бөлім басшылары тарапынан нақты жауаптар берілді.
Жергілікті тұрғындармен жүздесу барысында аудан басшысы Жұмабек Қаражанов қабылдауға келген әрбір тұрғынның өтінішіне жіті назар аударып, көтерілген мәселелерді қолданыстағы заң талаптары аясында жан-жақты түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, халықтан келіп түсетін арыз-шағымдар әрдайым бақылауда болады және ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар әкім барлық мәселенің бір мезетте шешілуі мүмкін еместігін атап өтті. Яғни, әрбір өтініш белгіленген жоспарға сәйкес, кезектілік тәртібімен және тиісті санаттарға қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұл туралы аудан әкімі:
– Сіздер көтерген әрбір мәселе менің жеке бақылауымда болады. Осы бағытта жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты түрде қадағаланып отырады. Бүгінде тұрғындар үшін жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесінің өзектілігі жоғары екені белгілі. Дегенмен, барлық мәселе заң талаптарына сәйкес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдағы уақытта көтерілген мәселелер тиісті сала басшыларымен бірлесіп жан-жақты қаралып, нақты жоспарлар аясында жүзеге асады,- деді өз сөзінде.
Қабылдауға келіп, өз ұсынысын білдірген азаматтар қатарында аудандық «Қазақ зағиптар қоғамы» филиалының басшысы Саламат Жәнібекұлы да болды. Ол қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру мәселесіне тоқталып, «Батыс ТехИнвест» компаниясының жұмысына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, көру қабілеті шектеулі жандар автобус ішінде отырған кезде қай бағытта келе жатқанын, қай аялдамаға жеткенін білмей, қиындыққа тап болып жатады. Осыған орай қоғамдық көліктерге аялдамаларды хабарлап отыратын арнайы дыбыстық жүйе орнату қажеттігін атап өтті. Бұл бастама зағип жандардың еркін әрі қауіпсіз жүріп-тұруына үлкен қолдау болатынын жеткізді.
– Біз сияқты көру қабілеті шектеулі жандар үшін дыбыстық хабарламалардың болғаны аса маңызды. Мұндай жүйе тек қоғамдық көліктерде ғана емес, бағдаршамдарда да қарастырылуы қажет. Сонымен қатар ықшам аудандарда тактильді сары жолақтар орнатылса, қозғалуымыз әлдеқайда жеңілдер еді. Бұл – көру қабілетінен айырылған адамдар үшін өте өзекті мәселе. Осы ұсынысымды назарыңызға алсаңыз жақсы болар еді,- деді Саламат Жәнібекұлы өтінішін білдіріп. Аудан әкімі бұл мәселенің орындалуы өзінің тікелей бақылауында болатынын жеткізді. Ал қала тұрғыны Гүлмира Шаудирова жер асты суы мәселесін көтеріп, баспанасының қазіргі жай-күйін баяндады.
Тұрғынның айтуынша, су тасқыны кезінде үй іргетасына су келіп, соның салдарынан бүгінде екі бөлмесінің қабырғалары бүлініп, жарамсыз күйге түскен. Осыған байланысты ол аудан әкімінен көмек сұрай келіпті. Бұл туралы өзі: – Бұған дейін аудан әкімі тарапынан маған қажетті құрылыс материалдары, яғни, ПГС пен шебін тастары жеткізіліп, қолдау көрсетілген болатын. Дегенмен пәтерімдегі екі бөлменің едені мен қабырғалары қатты зақымданып тұр. Сол себепті қайтадан көмек сұрап келдім. Қуанышыма қарай, аудан басшысы өтінішімді елеусіз қалдырмай, жауапты мамандарға тапсырмаларын берді. Бүгін олар үйіме келіп, жағдайды зерделеп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат көлемін анықтайтын болды. Осыдан кейін нақты жұмыстар басталады деп сенемін, – дейді мәселесінің жуық арада шешілетініне сеніп.
Жиын қорытындысында аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген бірде-бір мәселе ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, тиісті сала мамандарымен бірлесіп, жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
А. Мейрамбайқызы


