Жуырда аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде төрт негізгі мәселе қаралды. Олар мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, әлеуметтік тапсырыс аясындағы жұмыстар, қоғамдық көлік жүйесінің жай-күйі және 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру.
Жиын басында сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қазиева әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оң өзгерістердің бар екенін атап өтті. Мәселен бүгінде аудандық «Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге арналған аумақтық орталықта» 47 жалғызбасты қарт пен 55 ерекше бала тұрақты түрде қызмет алуда. Орталықта 14 әлеуметтік қызметкер тарапынан әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, педагогикалық, психологиялық, мәдени, экономикалық, еңбек және құқықтық бағыттарды қамтитын кешенді көмек көрсетіледі. Бұл қызмет түрлері тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, олардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрландыру үдерісі де әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруға өз үлесін қосуда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен енгізілген «Әлеуметтік қызметтер көрсету порталы» ақпараттық жүйесі бүгінде тиімділігін дәлелдеуде. Аталған жүйе әлеуметтік қызмет алушылар мен қызмет көрсетушілерді бірыңғай ақпараттық алаңға біріктіріп, қызметтердің ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда оңалтудың жеке бағдарламасы аясында мүгедектігі бар азаматтар электронды цифрлық қолтаңба арқылы aleumet.egov.kz порталына кіріп, қажетті техникалық құралдарға өз бетінше тапсырыс бере алады. Бұл бұрынғыдай құжат жинап, бөлімге жүгіну қажеттілігін азайтып, қызмет алуды жеңілдетті.
Қоғамдық көлік жүйесін дамыту да аудан үшін басым бағыттардың бірі болып отыр. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітовтың мәліметінше, қазіргі таңда аудан бойынша 18 бағыт жұмыс істейді. Оның ішінде 12 бағыт Құлсары қаласының ішінде, ал 6 бағыт ауылдық округтер мен елді мекендерді қамтиды. Жалпы саны 89 автобус тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Соңғы жылдары көлік паркін жаңарту жұмыстары қарқын алып, 2025 жылы ауданға 23 жаңа «Yutong» маркалы автобус жеткізілді. Бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал етті. Қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделіп, арнайы пандустармен жабдықталған. Қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыру мақсатында «QULSARY BUS» жүйесі енгізіліп, автобустардың қозғалысы тұрақты бақылауға алынған. Сонымен қатар бұл жүйе аялдамаларды зағип жандар үшін дауыстап хабарлау мүмкіндігін береді. Цифрлық технологиялар да тиімді қолданылып келеді. Тұрғындар «INFOBUS» және 2GIS қосымшалары арқылы автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, өз бағыттарын тиімді жоспарлай алады. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтар үшін қоғамдық көлікте жеңілдіктер қарастырылған. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған аналар және 7 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады. Ал зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, ІІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға және 7-15 жас аралығындағы балаларға жолақыға 50 пайыз жеңілдік беріледі. Әлеуметтік маңызы бар бағыттар мемлекет тарапынан субсидияланып, тарифтердің тұрақтылығы қамтамасыз етілуде. Биыл Қарағай елді мекеніне жаңа қоғамдық көлік бағытының енгізілуі де ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынасын едәуір жеңілдетті. Жиын барысында бұдан бөлек ауыл мен қала арасындағы көлік қатынасын жақсарту, автобус бағыттарын көбейту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл ұсыныстар тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты болғандықтан, алдағы уақытта оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Тұрлан Сәденов көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы туралы баяндап, соңғы жылдары жастар арасында әскери қызметке деген қызығушылықтың төмендегенін жеткізді. Биылғы көктемгі шақыру науқаны аясында аудан бойынша 47 азамат әскерге жіберілуі тиіс болса, қазіргі таңда 27 азамат әскерге аттанған. Осыған байланысты шақырылушыларды дер кезінде хабардар ету, олардың белгіленген орындарға уақытылы келуін қамтамасыз ету және әскери-патриоттық тәрбиені күшейту қажеттігі атап өтілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жаңадан салынған тротуарларға тактильді тақталар орнату, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл бастамалар тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңірдің тұрақты дамуына негіз болмақ.
А.Талапкер


