Халықтың қалтасын қағып, сан соқтыратын қаржы алаяқтығының түрі көбейді. Әсіресе аз уақыт ішінде мол табыс табуды уәде ететін инвестициялық схемалар талай адамның сеніміне кіріп, жинаған қаражатынан айыруда.
Бірі баспаналы болу үшін жинаған ақшасынан айырылса, енді бірі несие рәсімдеп, қарызға белшесінен батуда. Оңай олжаға қызықтыратындардың сөзіне сеніп, барын бергендер аз емес. «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген сөздің астарында үлкен ескерту жатқанын түсінсек те, жоғары табысқа деген қызығушылық кейде сақтықты екінші орынға ысырып қояды. Бүгінде ауданымызда интернет арқылы жасалатын алаяқтық мәселесі өзекті болып отыр. Жыл басынан бері ауданда интернет-алаяқтыққа қатысты 46 қылмыс тіркелген. Бұл киберқылмыскерлердің айласына түсіп, материалдық шығынға ұшырау қаупі әлі де жоғары екенін аңғартатын көрсеткіш. Әсіресе инвестиция сылтауымен ақша тартатын схемаларға сақтықпен қарау қажет. Өйткені мұндай жағдайда адам тек өз қаражатынан айырылып қана қоймай, жақындарының да қаржылық шығынға ұшырауына себеп болуы мүмкін. Инвестициялық алаяқтықтың қауіптілігі – қаскөйлердің адам сеніміне біртіндеп кіруінде. Олар әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде жарнама таратып, ақша салған жағдайда тұрақты әрі жоғары көлемде дивиденд төленетінін айтады. Кейбірі өзін инвестициялық компанияның өкілі немесе қаржы маманы ретінде таныстырып, жалған құжаттар мен «сенімді адамдарын» алға тарта отырып пайдаланады. Алғашқыда салымшыға аздаған табыс төленіп, оның сенімі нығая түсуі мүмкін. Осыдан кейін адам көбірек ақша салуға, тіпті таныстары мен әріптестерін де ұсынысқа тартуға бейім болады. Алайда уәде етілген табыстың артында нақты әрі заңды инвестициялық қызметтің бар-жоғы белгісіз болуы мүмкін. Жуырда дәл осындай жағдайға тап болған аудан тұрғынымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білдік. Оның сөзінше, инвестиция салу туралы ұсыныс таныстары арқылы түскен.
- Маған 2 ай бұрын таныстарым арқылы инвестиция салу туралы ұсыныс түсті. Ақша салған жағдайда 10 пайыз көлемінде дивиденд төленетіні айтылды. Бастапқыда мұның тегін ақша сияқты көрінетініне күмәнданып, сенбедім. Бұрын жеңіл ақшаға оңай кенелуге болатынына мүлдем сенбейтін едім. Алайда жоғары табыс табуға деген қызығушылығым басым түсіп, ұсынысқа келісім бердім. Алғаш рет ақша алып, сенімге кіргеннен кейін екінші рет тағы ақша салдым. Өкінішке қарай, оңай табыс табамын деген ойдың соңы осындай қиын жағдайға тап болып, алданып қалуыма әкелді. Қазір қоғамда дәл осы интернет алаяқтығы белең алып тұр. Қанша жерден сақ болуға тырыссаң да, кейде қалай алданғаныңды өзің де байқамай қаласың. Мен де солардың бірімін. Мен сияқты бармақ тістеп отырған адамдар қаншама?! Әсіресе оңай қаржыға кенелуді уәде етіп, адамдардың сеніміне кіретіндер көбейді. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттырып, кез келген ұсынысқа сын көзбен қарау маңызды. Кейде сенімнің өзі үлкен қателікке әкелуі мүмкін,- дейді өкінішін білдіріп.
Мұндай оқиғаларда алаяқтардың адамдар арасындағы сенімді өз пайдасына жаратуы ерекше алаңдатады. Тағы бір отбасы да туыстары арқылы түскен ұсынысқа сеніп, осындай схемаға тап болған. Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ал жәбірленушінің мәліметінше, ол өз туыстарын да инвестиция салуға шақырып үлгерген. Бұл күмәнді қаржылық ұсыныстардың бір адамның шегінде қалмай, таныстар мен әріптестер арқылы кең таралу қаупі бар екенін көрсетеді. Адамдар мұндай ұсынысқа көбіне өздері білетін, сенетін кісілер арқылы тап болады. Сондықтан ұсынысты жақын адамның жеткізуі оның заңды әрі қауіпсіз екенін білдірмейді. Егер қатысушылардың қаражаты нақты кәсіпкерлік қызметтен емес, кейін қосылған адамдардың салымынан төленсе, мұндай жүйе қаржы пирамидасының белгілеріне ие болуы мүмкін. Дегенмен нақты істің мән-жайы мен құқықтық бағасы тергеу нәтижесінде анықталуы тиіс. Қандай жағдайда да жоғары табысқа кепілдік беретін ұсынысқа ақша салмас бұрын оның қалай қалыптасатынын және қаражаттың қандай қызметке жұмсалатынын анықтау маңызды.
Аудандық полиция басқармасы тұрғындарды интернет арқылы жасалатын алаяқтықтан аса сақ болуға шақырады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабында алаяқтық үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Ал қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету әрекеттері Қылмыстық кодекстің 217-бабымен сараланады. Қылмыстың нақты бабы мен бөлігі істің мән-жайына қарай белгіленеді.
Әдетте инвестициялық алаяқтық әлеуметтік желідегі жарнамадан немесе мессенджер арқылы келген ұсыныстан басталады. Азаматтарға акцияларға, криптовалютаға немесе басқа да қаржы құралдарына инвестиция салу ұсынылып, қысқа мерзімде мол пайда табатыны айтылады. Сенім қалыптастыру үшін жалған лицензиялар мен құжаттар көрсетіліп, арнайы платформаларда табыстың өскені бейнеленуі мүмкін. Кейін салым көлемін ұлғайту, несие рәсімдеу немесе бар жинақты аудару ұсынылады. Ал ақшаны қайтарып алуға әрекет жасаған кезде комиссия, салық не сақтандыру төлемі талап етіледі. Қосымша ақша аударылғаннан кейін алаяқтар байланысын үзіп, ізін суытуы мүмкін. Күмәнді инвестициялық ұсыныстың негізгі белгілері қысқа мерзімде жоғары пайдаға кепілдік беру, шешім қабылдауға асықтыру, ақшаны жеке тұлғаның банк картасына аударуды сұрау және қаражатты шығару үшін қосымша төлем талап ету. Бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, SMS-кодтарды беруге де болмайды. Егер алаяқтыққа тап болғаныңызды байқасаңыз, күмәнді тұлғалармен байланысты тоқтатып, банкке дереу хабарласыңыз.
Ақша аударымдарының түбіртектерін, хат алмасуларды, телефон нөмірлері мен басқа да дәлелдерді сақтап, полицияға арыз беріңіз. Қаржы пирамидасына қатысты күдік болса, Қаржылық мониторинг агенттігіне де хабарласуға болады. Оңай табысқа қызығу – орны толмас шығынға әкелуі мүмкін. Бір сәттік қызығушылықпен қабылданған шешім жылдар бойы жиналған қаражаттан айырып қана қоймай, отбасының берекесіне де әсер етеді. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру, кез келген ұсыныстың астарына үңілу және күмәнді схемалардан дер кезінде бас тарту – әр азаматтың өз мүддесін қорғаудағы маңызды қадамы. Өйткені алаяқтың қармағына түспеудің ең сенімді жолы оңай олжаға емес, тексерілген ақпарат пен нақты дәлелге сүйену.




