Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласында төбе көрсетіп жүрген бір топ шаруа қожалық иелері өңірдің құрғақшылық кезеңіне байланысты тасаттық рәсімін өткізді. Халық арасында ежелден келе жатқан бұл дәстүр Жаратқаннан жауын-шашын тілеу мен береке сұрау мақсатында ұйымдастырылды. Игі шараға 70-ке жуық шаруа қожалық иелері мен ауыл ақсақалдары қатысты.
Тасаттық – қазақ халқының табиғатпен етене байланысын көрсететін көне салт-дәстүр. Қуаңшылық жылдары халық Алладан жаңбыр сұрап, көпшілік болып дұға жасап, құрбан шалып, садақа таратқан. Бұл дәстүр уақыт өте келе ислам дінімен үйлесіп, рухани мәні тереңдей түскен. Осы дәстүр бойынша жылыойлық шаруалар өткен апта соңында тасаттық рәсімін өткізді. Алдымен құран оқылып, дұға жасалды. Кейін құрбандық шалынып, жиналған жұртқа ас берілді. Ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдің амандығы мен жердің құнарлы болуын тіледі. Шара барысында ауыл ақсақалдарының бірі Маран Шығыр бұл дәстүрдің тек діни рәсім ғана емес, сонымен қатар қоғамды біріктіретін маңызды құндылық екенін атап өтті. Бұл туралы ол:
- Бала кезден осы Жем өзенінің бойында өстім. Тіршілік жасадық, әлі де тұрып жатырмыз. Сондықтан Жем өзенінің жағдайы маған жақсы таныс. Биыл бізді қуаңшылық сескендіріп тұр. Өздеріңіз білесіздер, биыл қар аз түсті. Соған сәйкес су да аз келді. Ал көктем мезгілінде мал біткеннің бәрі Жемге барып, су ішеді ғой. Сөйтіп жүріп, өзенге құлағаны қаншама?! Ал жаңбыр мол жаумай тұр. Сол себепті жасап жатқан бұл ісіміз тасаттық садақасы деп айтылады. Бұл – мал жанынан берілетін садақа. Өйткені малда тіл жоқ. Шындығына келсек, қандай да бір табиғи апатты адамнан бұрын мал біледі. Міне, сол үшін мал жанынан да садақа берген абзал,-дейді өз сөзінде.
Шаруалардың бұдан өзге алаңдаушылықтары жетіп артылады. Олар мал ішетін суат ашу мәселесін жиі көтеріп келеді. Бұл туралы жиналғандар:
- Біздің тіршілік көзіміз - мал. Жем өзенін кеңейткелі көп өзгеріс болып жатыр. Жем өзенінің табиғи ағысын бұзып алған сияқтымыз. Оның салдары шаруа қожалықтарына кері әсерін тигізіп тұр. Бұл мәселені қанша көтерсек те шешімпін таппай келе жатырмыз. Сондықтан тасаттық садақасын жасаудан өзге амал болмай тұр. Қазақ ықылым заманнан мал шаруашылығымен айналысады ғой. Сондықтан бұл салаға да мән беріп, шаруалардың өтініше құлақ түрсе дейміз,-дейді бірауыздан. Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, елдің амандығы мен жердің берекесін тіледі. Қатысушылар мұндай игі шаралар тек табиғаттан медет сұрау ғана емес, сонымен қатар халықтың бірлігін арттырып, қиын кезеңде бір-біріне демеу болудың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



