Ауылдан адам көшкенмен,
Адамнан ауыл көшпейді
Мектепті сонау 2000 жылы тәмамдаған ұл мен қыз 20 жылдық басқосуға дайындықты күзде бастап кеткен-тін. 4 сыныптың оқушылары - жүздің үстіндегі жігіт ағалары мен қыз-келіншектер өз идеяларымен бөліскен болатын.
Мұқтаж отбасыға үй салып береміз бе, әлде бір кездері Қосшағылдың "визитная карточкасы" болған ауыл саябағын қайта жаңғыртамыз ба деген таңдау тұрды.
Ақыры, ақылдаса келе жігіттердің басым көпшілігі сиқы кеткен саябақты жаңғырту идеясын қолдады, сенімсіздік танытқандар да табылды, орындалуына күмән келтіргендер де болды, өйтпегенде ше?
Мұндай жауапкершілігі мол жұмысты ұйымдастыру үлкен табандылықты, қомақты қаржыны басқаруды талап етеді: оны шашауын шығармай үйлестіру, материалдарды есептеп шығару, қажетті құрылыс техникалары мен жұмысшыларды ұйымдастыра білу - шынымен таудай тәуекелді керек етті.
"Біз көп ойланбай, қорықпай шешімді тез қабылдадық, себебі ойлансаң ойың сан-саққа жугіреді, күмілжісең көлеңкең көбейетінін біліп, бел шешіп кірісіп кеттік, және бұл бастамамызға ауыл әкімі Саян Жұмабекұлының да қолдау көрсете кеткені - ісіміздің оңынан орындалуына қатты әсер етті",- дейді ұйымдастырушылардың бірі.
Туған жерге деген азаматтық парызымызды осылай өтесек деген ой бәрімізді ұйықтатпай алға сүйреді, жігіттер кезектесе отырып жұмысқа бір адамдай жұмылды, бір-бірімізді қайрай отырып, бір-бірімізді шабыттандыра отырып қыруар жұмыс атқарылды.
Бірлік түбі - береке дегенді шынайы өмірде көрсетуге тырысып бақтық, себебі бұл ісіміз кейінгі бауырларымызға үлгі болатынына сендік, ауыл тұрғындарына ұнайтынына бекідік.
Жоспарды бекітіп, материалдарды сатып алғаннан кейін елімізде төтенше жағдай орын алып, індет басталып кеткені біраз әбігерге салғаны рас. Еліміз ойламаған жерден дағдарысқа ұшырап, адамдар үрейге бой алдыра бастады, пандемия салдарынан көбі уақытша жұмыссыз қалды.
Тіпті жоспарымыздан бас тарту қаупі де болды. Осындай кезде біздің жігіттер үрей мен қорқынышқа бой алдырмай, бастаған істі аяғына жеткізу үшін қолдан келгенін аянып қалмады. Міне, осы кездегі біздің жігіттердің мәрттігі, келген індетті уақытша деп қабылдап, қурайдың сабағындай сынып қалмауы - ерлік емей немене?
Сыныптас қыздарымыз да қолдау көрсетіп, жан-жағымыздан тілеуімізді тілеп отырғаны, бізге сенгені, расымен, үлкен демеу берді. Бұл бастама - жан-жаққа бытырап кеткен түлектердің туған ауылға деген 20 жыл қордаланған сағыныш сазын жеткізуі еді, ауыл аспанында сағынышпен салған әнімізді шарықтатып, көңіліміздегі көрінбейтін көгершіндерімізді ұшырсақ деген арман.
Қосшағыл ауылындағы №2 мектептің 2000 жылғы түлектері