Су тасқынына дайындық қалай?

Көктем мезгілі – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданатын шағы болғанымен кей өңірлер үшін бұл кезең қарапайым халықты сарыуайымға салып, билік өкілдерін әбігерге түсіретін қауіпті шақ. Әсіресе қардың күрт еруі мен өзендердегі су деңгейінің көтерілуі елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан көктемгі су тасқынына алдын ала дайындық жүргізу – тек жауапты мекемелердің ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Уақытылы қабылданған шаралар мен жүйелі жұмыстар табиғи апаттың алдын алып, адам шығыны мен материалдық залалды болдырмауға мүмкіндік береді.

Осы орайда ауданымызда көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың бірі саналатын Жылыой жері үшін бұл кезең аса маңызды. Аудан аумағында су тасқынының негізгі көзі – ұзындығы 212 шақырымды құрайтын Жем өзені. Әсіресе, Жем ауылдық округіне қарасты Тұрғызба ауылы, Қара-Арна ауылдық округіндегі Шоқпартоғай ауылы, сондай-ақ Құлсары қаласы мен Құрсай өзегі су басу қаупі бар аумақтар қатарында. Осыған байланысты арнайы жобалау-зерттеу консалтингтік «Казгипроводхоз» институтының сүйемелдеуімен Жем өзенінің арнасын реттеу, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының жобасы әзірленіп, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан бекітілді.

Жоба аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жем өзені мен Құрсай өзегінде түп тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп, бұл жұмыстарды мердігер «Сап-Ин-Вэст» ЖШС атқаруда. Жалпы ұзындығы 95,3 шақырымды құрайтын жұмыстар бүгінгі күні 101,8 пайызға орындалып, 97,04 шақырым аумақ қамтылған. Бұл көрсеткіш жоспардан артық орындалғанын аңғартады. Сонымен қатар аудан бойынша жалпы ұзындығы 68,6 шақырым болатын қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда оның 79 пайызы, яғни 54,4 шақырымы аяқталған. Атап айтқанда, Құлсары қаласында, Ақкиізтоғай, Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдарында бөгет салу және күшейту жұмыстары ұйымдастырылып, су тасқынына қарсы нысандар күнделікті бақылауда.

Бұл ретте инфрақұрылымдық жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Бақашы және Қарағай елді мекендері маңында гидротехникалық құрылыс, яғни, шлюз салу жұмыстары толық аяқталды. Ал Сарқырауық аумағындағы су ағынын реттеу каналының құрылысы наурыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Жергілікті деңгейде де нақты шаралар қолға алынған. Жем ауылдық округінде бірқатар бағыттар бойынша өзектер аршылып, қамыстан тазартылды. Ал Қара-Арна округінде жайылымдық жерлерге судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін шамамен 9 шақырым өзек тазарту жұмыстары жүргізілді.

Жауапты мекемелер тарапынан жұмыстар қатаң бақылауға алынып, ахуал тұрақты деп бағалануда. Бұл атқарылған шаралар табиғи апаттың алдын алуға, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT