Су айдындары ережелерін сақтайық!

Су – тіршілік көзі болғанымен ол әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Әсіресе ауа райының жылы мезгілінде адамдардың суға шомылу белсенділігі арта бастайды, демалыс күндерін пайдаланып балық аулауға баратын тұрғындар да көптеп кездеседі. Осындай көңілді демалыстың арты көп жағдайда түрлі қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. Сондықтан су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау – әрбір азаматтың міндеті.

Ең алдымен, тек арнайы рұқсат етілген және жабдықталған орындарда ғана шомылу қажет. Белгісіз, түбі зерттелмеген немесе ағысы қатты жерлерге түсу қауіпті. Мұндай жерлерде су астындағы шұңқырлар, тастар немесе ағындар адам өміріне қатер төндіруі мүмкін. Балаларды су жағасына қараусыз жіберуге болмайды. Олар әрдайым ересектердің бақылауында болуы тиіс. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар дәл осы бақылаусыз қалған балалар арасында орын алады. Сонымен қатар жүзе алмайтын адамдар құтқару жилеттерін пайдаланып, терең суға бармауы керек. Мас күйінде суға түсу – өте қауіпті әрекет. Мұндай жағдайда адамның қозғалыс координациясы бұзылып, қауіп-қатерді дұрыс бағдарлай алмайды. Бұл суға бату қаупін бірнеше есе арттырады.

Қайықпен немесе басқа да су көліктерімен жүрген кезде қауіпсіздік құралдарын міндетті түрде қолдану қажет. Әсіресе құтқару жилеті әр адамда болуы тиіс. Сонымен қатар ауа райының қолайсыз кезінде суға шомылудан бас тартқан жөн. Төтенше жағдай орын алған жағдайда сабыр сақтап, дереу көмек шақыру қажет. Егер біреу суға батып бара жатса, өз өміріңізді қауіпке тікпей, құтқару құралдарын пайдалану арқылы көмек көрсету керек.

 Қорытындылай келе, су айдындарындағы қауіпсіздік қарапайым ережелерді сақтаудан басталады. Әрбір адам өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын ұстанса, көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.

Н.Орысбаев,

аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы,

азаматтық қорғау капитаны

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT