Қазақ вальсінің королі, ән әлемінде өзіндік өрнегін қалдырған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасының әлі күнге дейін ашылмаған сырлары бары анық.
Жылдар жылжып, уақыт алыстаса да сазгердің ел есінде жоқ, сахна төріне шықпаған шығармаларының табылуы елеулі жаңалық.
Тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметтің айтуынша, сондай беймәлім туындылардың бірі – Шәмші Қалдаяқов пен ақын Берқайыр Аманшиннің шығармашылық байланысынан туған «Айша қыз» әні.
Зерттеуші бұл әнге қалалық мемлекеттік архив қорынан жұмыс істеп жүрген кезінде кездейсоқ кезіккен екен. Атап айтқанда, 1959 жылғы 15 мамырда жарық көрген «Социалистік құрылыс» газетінің (қазіргі «Atyrau») санынан «Айша қыз» атты әннің мәтіні мен нотасы табылған. Музыкасы Шәмші Қалдаяқовқа, сөзі Берқайыр Аманшинге тиесілі екені де көрсетілген.
«Жайықтың жағасында жасыл майса,
Бір үйде сұлу қыз бар аты – Айша», – деп басталатын әннің бұған дейін радио мен телеарналардан, сахнадан орындалғанын естігендер аз. Осы себепті Аққали Ахмет туындының тарихына арнайы назар аударған.
Зерттеушінің сөзінше, әннің қашан және қандай жағдайда дүниеге келгені толық анықталмаған. Дегенмен оның 1950 жылдардың соңында жазылғаны байқалады. Бұл кезеңде Берқайыр Аманшин Алматыда «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет еткен. Сондықтан тарихшы әннің Шәмші мен ақынның сол жылдардағы шығармашылық қарым-қатынасы кезінде туған болуы мүмкін деген болжам айтады.
Қызығы, «Айша қыз» өлеңі Берқайыр Аманшиннің кейін жарық көрген бірқатар кітаптарына енгенімен, Шәмші Қалдаяқовтың шығармалар жинақтарынан бұл әнді кездестіру мүмкін болмаған. Сондай-ақ зерттеушінің мәліметінше, Қазақ радиосының «Алтын қорында» да әннің жазбасы сақталмаған. Бұл дерек туындының ұзақ жылдар бойы көпшілікке белгісіз болып келгенінің бірден бір себебі.
Ән мәтініне үңілсек Жайық жағасындағы көркем табиғат, жастықтың аңғал сезімі мен Айша есімді арудың бейнесі суреттелген. «Айша қыз, кел Жайыққа, мін қайыққа, / Айдынға серуендеп шығайық та» деген жолдардан сол дәуірдің жастық лебін, Жайықтың жағасындағы сырлы бір сәттің тынысын сезе аламыз.
Бүгінде «Айша қыздың» әуені қайта жаңғыртылып, тыңдарманға жол тартса, бұл Шәмші мұрасының тағы бір көмескі парағын ашқан болар еді. Ал әзірге архивтен табылған осы деректің өзі – қазақ ән өнерінің алтын қорына қосылар жаңа шығарманың бар екенін көрсететін құнды олжа болмақ.
Туындының көпшілікке кеңінен танылмай, ұзақ жылдар бойы тасада қалуы – қазақ музыка тарихындағы ақтаңдақтардың бірі. Тарихшының архивтен тапқан дерегі осы бір көмескі шығарманың барын қайта еске салып отыр.
Бәлкім, бұл шығарманың тағдырына қатысты жаңа деректер де алдағы уақытта табылып қалар. Ең бастысы, Шәмші мұрасының әлі де зерттеушісін күткен сырлары бар екенін ұмыт қалдырмайық.
Іңкәр ЖҰМАҚҰЛ



