Шәкірт жүрегіне жол тапқан

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаздық білім нәрін берумен қатар, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Себебі әр баланың жүрегіне жол тауып, оның бойындағы қабілетін танып, дұрыс бағыт-бағдар беру үлкен шеберлікті қажет етеді. Бүгінде білім беру саласында он жылға жуық уақыт еңбек етіп, бірнеше буын шәкірттің алғашқы ұстазы атанған №26 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жайнагүл Ізімова туралы сөз етпекпіз.

Мақат ауданының Доссор поселкесінде дүниеге келген ұстаз үшін мұғалімдік жылдар – тәжірибемен бекіген, жүрекке жақын кәсіби сала. Ұстаздың еңбек жолы 2016 жылдың 31 тамызында №8 мектептен басталды. Алғашқы жылдары орыс сыныбына сабақ берген жас маман бастауыш буынмен жұмыс істеудің өзіндік қырларын меңгеріп, тәжірибесін біртіндеп қалыптастырды. Мұғалімнің алғашқы жылдары ізденіс пен тәжірибе жинақтайтын маңызды кезең. Бастауыш сыныппен жұмыс істеу ұстаздан ерекше ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі мектеп табалдырығын енді аттаған әр баланың қабылдауы, мінезі мен қызығушылығы әртүрлі. Бір оқушы жаңа тақырыпты бірден меңгерсе, енді бірі мұғалімнің қосымша түсіндіруі мен қолдауын қажет етеді. Осындай әртүрлілікті ескеріп, әр балаға өзіне лайықты тәсіл табу бастауыш сынып мұғалімінің күнделікті ізденісін қажет ететін жұмыс. Жайнагүл Айтпайқызы да ұстаздық жолының алғашқы жылдарынан бастап осы тәжірибені қалыптастырып, уақыт өте келе кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. Жылдар өте білім саласында да түрлі өзгерістер орын алды.

2025 оқу жылында орыс сыныптарының жабылуына байланысты тәжірибелі маман қазақ сыныптарында сабақ беруге ауысып, осы бағытта да жұмысын жалғастырды. Жинақтаған педагогикалық тәжірибесі жаңа ортада өз кәдесіне жарап, қазіргі таңда жаңа оқу жылында пайдалануға берілген №26 мектепте 2-сынып оқушыларына білім беріп келеді.

Жаңа білім ордасында еңбек ету – ұстаз үшін жаңа орта, жаңа ізденіс. Ал бастауыш сыныпта баланың мектепке деген алғашқы көзқарасы мен оқу мәдениеті қалыптасатыны белгілі. Оқушының білімге қызығушылығын оятып, өз ойын еркін жеткізуіне, ізденуіне мүмкіндік беру – бұл буындағы мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта педагог оқушылардың сабаққа белсенді араласуына, алған білімін түрлі жағдайда қолдана білуіне көңіл бөледі. Ұстаздың кәсіби шеберлігі мен оқушымен жұмыс жүргізудегі нәтижелі тәсілдері ата-аналардың жоғары сеніміне ие болып, көптеген ата-ана балаларын дәл осы мұғалімнің сыныбына беруге ниет білдірген. Балалардың білімін шыңдап, өз қабілетін байқатуына мүмкіндік беру мақсатында түрлі пәндік және зияткерлік сайыстарға қатысуына да жол ашып келеді. Кәсіби ізденістің нәтижесі де елеусіз қалған жоқ. Ұстаздың аудандық деңгейден бастап облыстық, республикалық көлемдегі түрлі іс-шаралар мен білім беру бағытындағы жұмыстарға қосқан үлесі үшін әр жылдары алғыс хаттар мен марапаттарға ие болған.

Ұстаз үшін алғашқы шәкірттерінің орны қашанда бөлек. Кезінде бастауыш сыныпта әріп танып, білімнің алғашқы баспалдағын аттаған шәкірттерінің алды бүгінде 10-сыныпта оқып жүр. Кеше ғана кішкентай бүлдіршін болған балалардың есейіп, өз жолын қалыптастыра бастағанын көру – ұстаз еңбегінің ең үлкен жемістерінің бірі. Қызметін отбасылық міндеттерімен қатар алып жүрген Жайнагүл Айтпайқызы бес баланың анасы. Ана ретінде бала тәрбиесінің қуанышы мен жауапкершілігін жақсы білетін жан үшін шәкіртпен жұмыс істеудің де өзіндік орны бар.

Ұстаздар күні қарсаңында осындай жауапкершілігі мол мамандықты таңдаған жандарға құрмет көрсету кейінгі ұрпаққа білім мен адамгершіліктің шамшырағын жағып, болашаққа сеніммен қадам басуды үйретеді. Себебі мектептегі әр баланың бойына білімнің алғашқы дәнін себетін де, оның білім жолындағы алғашқы қадамына бағыт беретін де ұстаз. Еңбек жолында талай шәкірттің алғашқы қадамына куә болып, бүгінде жаңа буынға білім беріп отырған барша ұстаздарға кәсіби мереке қарсаңында мықты денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне береке тілейміз.

А.Ерденқызы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT