Әсерлі естеліктер, өмірлік тәжірибе

Жуырда №5 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ішкі істер қызметінің ардагері, құрметті полковник, жерлес ақын Лұқпан Сисекеновпен тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақты туған жерді сүюге, елжандылыққа, рухани құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелеу және ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау болды.

Кеш барысында оқырмандар ақынның өмір жолымен танысып, шығармашылығық әлеміне буктрейлер арқылы саяхат жасады. 1947 жылы Құлсарыда дүниеге келген қаламгердің еңбек жолы мен әдебиетке қосқан үлесі кеңінен айтылды. Ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқара жүріп, жыр әлемінен қол үзбеген ақынның ел, жер, тәуелсіздік, адамгершілік тақырыбындағы өлеңдері оқырман жүрегінен орын алғаны сөзсіз. Шара барысында оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Әсерлі естеліктер мен өмірлік тәжірибеге толы әңгімелер жастарға үлкен ой салды. Әсіресе туған өлке туралы жырлары қатысушыларды ерекше тебірентті. Кеш соңында оқырмандар ақынға алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті. Мұндай рухани кездесулер жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор ықпал ететіні анық. Рухани кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. 

Мирамгүл Калилиева,

№5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің кітапхана меңгерушісі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT