Сергек жүйесі – сақтықтың сенімді тірегі

Ауданда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, заманауи бейнебақылау камералары орнатылуда. Бұл жоба заманауи технологияларға негізделген «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесін кеңейту жұмыстары аясында жүзеге асып, кезең-кезеңімен жалғасын табуда.

Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылы басталып, аудан аумағында бұл жылы 841 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Заманауи цифрлық жүйе өз тиімділігін көрсетіп, көшелердегі тәртіп пен жол қауіпсіздігін нығайтуға, заң бұзушылықтарды азайтуға елеулі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда жобаны одан әрі кеңейту жұмыстары жоспарлануда. Атап айтқанда, 35 нүктеге аппараттық-бағдарламалық кешен орнату көзделсе, жалпы бейнебақылау жүйесі бойынша 156 нүктеге 370 камера орнату қарастырылған. «Бұл шаралар аудан аумағындағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді» дейді жауаптылар.

 - Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Жоспар бойынша 17 бейнебақылау камерасы ауданның елді мекендеріне, ал қалған камералар қала аумағына орнатылады. Жаңа бейнебақылау жүйелері жол қозғалысын бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және жолдағы тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған,-дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Сеит Қатиетов. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жобаны іске асыруға қажетті дайындық және құрылыс-монтаждау жұмыстары қатар жүргізілуде. Камералар орнатылатын орындар әзірленіп, қажетті инфрақұрылым жасақталуда. Сонымен бірге тиісті жабдықтарды орнату және бейнебақылау жүйесін толық іске қосуға бағытталған жұмыстар да қоса атқарылуда. Сондай-ақ келісімшарт талаптарына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарына алты ай мерзім берілген. Жобаны белгіленген мерзімде сапалы жүзеге асыру міндетін «Көркем Телеком» ЖШС өз мойнына алған.

 А.МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT