Саябақтан сән кетті...

22 маусым күні кешкі уақытта аудан тұрғындарының алаңдаушылығын туғызған оқиға орын алды. Қаладағы 8 учаскедегі Қорғанбаев көшесінің бойында орналасқан ескі саябақ аумағындағы қараусыз қалған ғимараттан өрт шығып, қызыл жалын қысқа уақыт ішінде бірнеше аумақты шарпыған. Өрт туралы хабар аудандық төтенше жағдай қызметіне шамамен сағат 17:30-да түскен. Мамандар оқиға орнына бес минут ішінде жеткен. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Нұрсәт Хаберовтің мәліметінше, жалын аз уақыттың ішінде 150 шаршы метр аумақты қамтыған.

«Өртті сөндіруге №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 5 қызметкері мен 2 арнайы техника жұмылдырылды. Тілсіз жау сағат 18:27-де оқшауланып, 18:51-де толықтай сөндірілді. Абырой болғанда, зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен мән-жайы анықталып жатыр»-деп хабарлады аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Н.Хаберов.

Алайда бұл оқиға кезекті өрт ретінде қаралмауы тиіс. Себебі жалын шарпыған аумақ аудан тұрғындары жақсы білетін, кезінде ауданның ең көрікті демалыс орындарының бірі саналған Қамыскөл жағалауындағы саябақ. Ресми атауы басқа болғанымен, халық арасында бұл орын көптен бері «Қамыскөл саябағы» деген атпен танылған. Бір кездері мұнда жастар бас қосып, жас жұбайлар неке қию рәсімінен кейін серуендеп, естелік суретке түсетін. Мектеп түлектері мен соңғы қоңырауға қатысқан оқушылардың да сүйікті мекеніне айналған еді. Көл жағасындағы жасыл желекке оранған саябақ ауданның ажарын ашып, тұрғындардың мақтанышына айналған еді. Өкінішке қарай, бүгінде сол көрініс санамызда сағым боп қалды. Жылдар бойы қараусыз қалған аумақтағы ағаштардың бір бөлігі кесіліп, нысандар қираған күйде тұр. Ғимарат қабырғалары әртүрлі жазулар мен суреттерге толып, айнала қоқысқа айналған. Кешкі уақытта бұл жердің маскүнемдер мен қаңғыбастардың, құқық бұзушылыққа бейім адамдардың бас қосатын орнына айналғанын жергілікті тұрғындар жиі айтып келеді. Тұрғындардың сөзінше, соңғы бірнеше жылда нысанның жағдайы жылдан жылға нашарлап, қоғам тарапынан көптеген сын-пікірлер айтылған. Дегенмен мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппай отыр. Соңғы өрт оқиғасы қараусыз қалған нысандардың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай орындар тек өрт қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де үлкен қатер төндіреді. Егер кезінде ауданның көркі болған демалыс аймағының тағдырына бейжай қарау жалғаса берсе, болашақта мұндай төтенше жағдайлардың қайталануы әбден мүмкін.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT