Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қала аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстарының орындалу барысымен танысты. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалардың іске асырылу деңгейі, жұмыстардың сапасы, белгіленген мерзімдердің сақталуы және мердігер ұйымдардың жауапкершілігі басты назарға алынды. Алдымен аудан әкімі көшелердің санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының жай-күйін қарап шықты. Көшелердің тазалығы, қоқыстың уақытылы шығарылуы, қоғамдық орындардың күтімі, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарының жағдайы, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары зерделенді.
Сонымен қатар көшелерді көгалдандыру жұмыстарының қарқыны мен сапасы бағаланып, жауапты мекемелерге жасыл аймақтарды күтіп ұстау бойынша нақты міндеттер жүктелді. Осы ретте аудан әкімі:
Қаланың тазалығы – әр тұрғынның жайлы өмір сүруінің басты көрсеткіші. Біз тек жаңа нысандар салып қана қоймай, қаланың әр көшесі мен әр ауласының таза әрі көрікті болуына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Сондықтан санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауда болуы тиіс,-деді. Одан әрі аудан әкімі жаңадан салынып жатқан балабақша құрылысы алаңына барды. Жауапты мердігер мекеме өкілдері құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі, инженерлік желілердің тартылуы және нысанды пайдалануға беру мерзімі туралы баяндады. Сондай-ақ құрылыс барысында қолданылатын материалдардың сапасына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және жұмыс қарқынына ерекше назар аударды. Одан кейін салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысы қаралды. Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін қала тұрғындарының спортпен айналысуына және жас спортшылардың жаттығуына қолайлы жағдай жасалмақ.Аудан басшысы спорт инфрақұрылымын дамыту жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруының маңызды бағыты екенін атап өтті. Аралау барысында қазақ-түрік лицейі ғимаратының құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Жоба бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың орындалу деңгейі тексеріліп, құрылысшылармен және жауапты сала басшыларымен пікір алмасу өтті. Сонымен қатар №6 мектеп аумағындағы автотұрақтың құрылыс жұмыстары қаралды. Бұл жоба мектеп маңындағы көлік қозғалысын реттеуге, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ата-аналар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нысан басында жауапты мамандар құрылыс жұмыстарының орындалу барысы туралы есеп берді. Ш.Ізбасов көшесі мен 9-ауыл аумағында жүргізіліп жатқан автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарының сапасы да тексерілді. Мамандар жол жабындысының төселуі, жиектастарды орнату, су бұру жүйелері және жол белгілерін орналастыру жұмыстары жөнінде баяндады.
Жолдың сапасы – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан әрбір жөндеу жұмысы талапқа сай орындалуы керек. Егер қандай да бір кемшілік анықталса, ол мердігердің есебінен толықтай түзетілуі тиіс. Сапасыз жұмысқа жол берілмейді, -деді аудан әкімі Ж.Қаражанов.
А.Ерденқызы




