Жуырда мемлекеттік қызметшілерге арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов пен Атырау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова қатысты. Мақсат – қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және халыққа сапалы қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру.
Жиынға қатысқан қала, кент және ауылдық округ әкімдері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен дербес бөлім басшыларына Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптары мен негізгі қағидаттары түсіндірілді.
- Бүгінгі жиында әдеп кодексінің жаңа жобасындағы өзгерістер кеңінен таныстырылды. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына қатысты талаптар айтылды, -дейді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов.
Сонымен қатар қазіргі таңда өзекті мәселенің біріне айналған әлеуметтік желілерді пайдалану мәдениеті де сөз болды. Жиында облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ф.Ахметова әдеп нормаларын сақтау мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениеті мен халық алдындағы жауапкершілігінің маңызды екенін айтып, сұрақтарға жауап берді.
- Мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениеті ең алдымен оның әдеп нормаларын сақтауынан көрінеді. Әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті адал атқарып қана қоймай, азаматтармен қарым-қатынас барысында сыпайылық, әділдік пен парасаттылық қағидаттарын ұстануы қажет. Себебі мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті халықтың мемлекеттік органға деген сеніміне әсер етеді. Сондықтан қызметтік әдеп талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғам алдында жауапкершілікті сезіну – әр мемлекеттік қызметшінің басты міндеті,-деді Фарида Төлегенқызы.
Жиын соңында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және азаматтармен тиімді әрі мәдениетті қарым-қатынас орнату мәселелерінің маңыздылығы да сөз болды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.



