Сандардың сырын білген...

Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистика жүйесінің құрылғанына 106 жыл толып отыр. «Статистикалық мәліметтерге сүйенсек…» Бұл тіркесті күнделікті ақпараттан, жаңалықтардан жиі естиміз. Елдегі халық саны, жұмыссыздық деңгейі, ауыл шаруашылығының көрсеткіші немесе тұрғындардың тұрмыс жағдайы туралы сөз қозғалғанда, алдымен нақты дерекке жүгінеміз. Мәселен, дүниеге келген сәбидің туу көрсеткіші, халықтың жас құрамы, денсаулық сақтау саласындағы екпемен қамту деңгейі, мектеп оқушыларының саны, еңбекпен қамтылған тұрғындар, өндіріс пен ауыл шаруашылығының көлемі – мұның бәрі статистикалық есепте көрініс табады.

Бүгінде осы саланың қыр-сырын жетік меңгеріп, аудандағы статистика саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, есімі «Қазақ әйелдерінің энциклопедиясына» енген, «Қазақстан Республикасы статистика саласының үздігі» Тілекова Рая Аймұханқызының еңбек жолына тоқталуды жөн көрдік. Басылым бетінде кейіпкеріміздің есімі талай мәрте аталған, кәсіби еңбегі мен жетістіктері оқырманға әбден таныс.

Ол 1956 жылы 12 қазанда Жылыой топырағында дүниеге келген. Әкесі Аймұхан Тілеков мұнай өндіру саласында түрлі қызмет атқарса, Алтын Қаржаубаева сегіз перзент тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Осындай қарапайым еңбек адамдарының отбасында өскен Рая Аймұханқызы мектеп қабырғасынан кейін білімін экономикалық бағытта жалғастыруды таңдады. Құлсары қаласындағы Абай орта мектебін тәмамдаған соң Алматы экономика және статистика институтына оқуға түсіп, экономист мамандығын меңгерді. Жоғары оқу орнын бітіріп, туған жеріне оралған жас маманның еңбек жолы аудандық статистика бөлімінде инженер қызметінен басталды.

Ол кезеңде статистика жұмысы қазіргімен салыстырғанда мүлде бөлек еді. Бүгінгі электронды кестелер мен автоматтандырылған жүйелердің орнын қағаз құжаттар, қолмен толтырылатын есептер алмастырды. Мәліметтерді әр мекемеден жинау, олардың дұрыстығын тексеру, салыстыру, қорытындысын шығару оңай шаруа емес. Әрбір санның өз есебі, әр көрсеткіштің өз жауапкершілігі болды. Қате кеткен деректі қайта тексеріп, белгіленген мерзімде есеп тапсыру үшін маманнан үлкен ұқыптылық талап етілетін. Рая Аймұханқызы да еңбек жолын қиын да жауапты жолдан бастап, жұмыстың барлық сатысынан өтті. Инженерден экономистке, бөлім бастығынан басқарма басшысына дейін көтерілді. Саладағы өзгерістерді көріп, есеп жүргізудің ескі тәсілінен жаңа жүйеге көшу кезеңдерін бастан өткерді. Сондықтан оның тәжірибесінде бүгінгі жас мамандар біле бермейтін жұмыс тәсілдері мен кәсіби мектептің өзіндік тарихы бар.

Статистика қызметінің бір ерекшелігі – оның қамтитын аясы өте кең. Бір ауданның өзінде демография, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша мәліметтер жиналады. Мәселен, халық санының өсуі мен қоныстану ерекшеліктері елді мекендердің дамуын жоспарлауға әсер етсе, ауыл шаруашылығының көрсеткіштері өңірдегі өндіріс көлемін бағалауға мүмкіндік береді. Тұрғындардың табысы мен тұрмыс деңгейіне қатысты деректер де экономикалық ахуалды саралауда маңызды. Осы жұмыстың ішінде Рая Аймұханқызы үшін ерекше жауапкершілік жүктеген бағыттың бірі – халық санағы. Ол еңбек жолында бес рет халық санағына қатысқан. Бұл науқанның тұрғындардың санын анықтаумен шектелмейтіні белгілі. Әр үйге қатысты мәліметтер жинақталып, халықтың жасы, құрамы, әлеуметтік жағдайы, білімі мен жұмыспен қамтылуы зерделенеді. Жиналған ақпарат кейін елдің демографиялық және әлеуметтік саясатын қалыптастыруда қолданылады. Бес бірдей санақ науқанына қатысу кейіпкеріміздің осы бағыттағы мол тәжірибесін аңғартады.

Кейіпкеріміз қызмет барысында қоғамдық жұмыстардан да шет қалған жоқ. Мекеменің бастауыш комсомол және партия ұйымдарының хатшысы қызметтерін атқарып, аудандық, облыстық комсомол және партия конференцияларына делегат болып қатысты. Аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және облыстық-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі. Жылдар бойғы табанды еңбегі үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде бірнеше мәрте түрлі марапаттар иеленді. 1987 жылы Атырау облыстық статистика басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталса, 1997 жылы Орталық статистика басқармасының Құрмет дипломына ие болды. 2003 жылы облыстық статистика басқармасының Алғыс хатын, 2004 жылы ҚР Статистика агенттігінің Құрмет грамотасын алды. 2005 жылы «Отличник статистики Казахстана» дипломымен марапатталды. 2007 жылы «Бірінші Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» төсбелгісін иеленді. 2010 жылы облыстық мәслихаттың Алғыс хатына ие болды. 2011 жылы есімі «Қазақ әйелдерінің энциклопедиясына» енгізілсе, 2012 жылы «Қазақстан Республикасы статистика саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2016 жылы «Еңбек ардагері» медалін, 2018 жылы «Kieli meken - Ken Jylyoi» төсбелгісін алды. Әсіресе «Статистика саласының үздігі» атағы мен «Еңбек ардагері» медалінің орны бөлек. Бұл марапаттардың әрқайсысы сала ардагерінің ұзақ жылғы қызметінің нәтижесін көрсетеді.

Қызметтегі жауапкершілігімен қатар Рая Аймұханқызы отбасының ұйытқысы. Жолдасы Серік Сабырұлымен бірге ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлы Сұлтан бүгінде «Бөпе» шаруа қожалығын басқарады. Келіні Гүлдана Жанболатқызы жоғары білімді, аудандық статистика басқармасында бас экономист болып қызмет етеді. Бүгінде немере сүйіп, ұрпағының қызығын көріп отырған бақытты ана, аяулы әже үшін отбасының амандығы мен бала-шағасының жетістігі үлкен қуаныш. Кезінде қағазға қолмен есеп түсіріп, әрбір мәліметті мұқият тексерген маман бүгінде саланың цифрлық жүйеге көшкен кезеңін де көрді. Бірнеше буын әріптеспен бірге еңбек етіп, талай жауапты науқанның бел ортасында жүрді. Рая Аймұханқызының саналы ғұмыры осы міндетке арналды. Бүгінде оның есімі Жылыойдың статистика саласындағы еңбек тарихымен бірге аталады. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі, кәсібіне деген адалдығы мен еңбегі – кейінгі буынға қалған өшпес өнеге.

А.Ерденқызы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT