Жылыой ауданында өтіп жатқан республикалық референдум аясында учаскелерде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі Ақкиізтоғай ауылында орналасқан №108 референдум учаскесінде өткен поэзия кеші.
Аталған учаскеде №10 Амангелді атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары қатысқан поэзиялық кеш ұйымдастырылды. Шара барысында мектептің ұл-қыздары жерлес ақын Аманқос Ершуовтің өлеңдерін мәнерлеп оқып, сайлаудың сәнін кіргізді. Оқушылардың әсерлі орындауы референдум учаскесіне келген тұрғындардың көңілінен шығып, саяси науқанның көркін аша түсті.
Поэзиялық кешке қатысқан мектеп оқушысы Дастан Ибрахим жергілікті ақынның жырынан үзінді оқып, көпшілікке рухани әсер сыйлады.
– Ауыр салмақ басқандай ер иығын,
Адастырып кетеді пері құйын…
…Шайылып шыққандаймыз Жемге жаңа, – деп ақын жырын нақышына келтіре оқыды жас өнерпаз.
Айта кетейік, Ақкиізтоғай ауылындағы №108 референдум учаскесінде бүгін 800-ге жуық адам дауыс береді деп жоспарланған. Жалпы, аудандағы референдум учаскелерінде дауыс беру заң талаптарына сай өтіп, тұрғындар белсенділік танытуда.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



