Ұршық иіру – дәстүрдің алтын жібі

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында ұлттық құндылықтар ұлықталып, еңбек ардагерлері арасында «Ұршық иіру – дәстүрдің алтын жібі» атты тағылымды фестиваль ұйымдастырылды. Атырау қаласы Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде өткен, ұлттық өнерді жаңғыртуды мақсат еткен бұл шараға әр ауылдан 8 әже қатысып, өз шеберліктерін паш етті.

img 4539
Screenshot

Аталған фестивальдің басты мақсаты – ұршық иіру секілді ұмыт бола бастаған көнеден келе жатқан қолөнер түрін қайта жандандыру, кейінгі ұрпаққа дәріптеу және ұлттық мұраға деген құрметті арттыру болды. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын бұл өнер – сабыр мен шеберліктің, ұқыптылық пен төзімділіктің айқын көрінісі.

Фестиваль үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, өмір жолы мен өнерге деген қызығушылықтарын баяндады. Бұл бөлімде әр әженің тағдыры, еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесі көрініс тауып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Көпшілігі ұршық иіруді өз аналары мен әжелерінен үйренгенін айтып, дәстүр сабақтастығының үзілмегенін көрсетті.

Екінші кезең – ұршық иіру сайысы болды. Бұл кезеңде әжелер жүн түтіп, ұршықпен жіп иірудің қыр-сырын көрсетті. Ұршықты шебер айналдырып, жіпті біркелкі әрі сапалы етіп шығару – үлкен ептілік пен төзімділікті талап етеді. Қатысушылардың әрқайсысы өзіне тән әдіс-тәсілдерін көрсетіп, ұлттық өнердің терең мәнін паш етті. Бұл көрініс жас буын үшін шеберлік сабағындай әсер қалдырды.

Үшінші кезеңде әжелер өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, халық әндерін шырқап, өзге де таланттарын танытты. Әсіресе, ұлттық нақыштағы әндер мен әзіл-қалжыңға толы көріністер көрерменнің көңілін көтеріп, шараның сәнін арттырды. Бұл бөлім қатысушылардың жан-жақтылығын айқындап, олардың тек қолөнер шебері ғана емес, өнерлі жандар екенін көрсетті.

Шара барысында көрермендерге ұлттық бұйымдардан құралған шағын көрме ұсынылып, онда жүннен иірілген жіптер, қолдан тоқылған бұйымдар мен тұрмыстық заттар таныстырылды. Бұл көрме ұлттық қолөнердің бай мұрасын насихаттауға зор үлес қосты.

Фестиваль соңында барлық қатысушыға құрмет көрсетіліп, арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар тарапынан әжелердің еңбегі жоғары бағаланып, олардың өнегелі өмір жолы мен өнері жас ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді.

Аталған фестиваль – ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың жарқын үлгісі болды. Әжелердің өнегелі өнері ұлттық құндылықтардың мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осындай тағылымды шаралар ұлттық рухты көтеріп, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, дәстүр сабақтастығын жалғай беретіні сөзсіз. Ұлттық мұраны көздің қарашығындай сақтау – әрбір азаматтың парызы екені анық.

Ақбота МАҒПАРОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Журналистика және ақпарат» мамандығының IV курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT