Алкогольдің зияны туралы айтылып та, жазылып та жүр.
Соған қарамастан, ащы суға әуестік қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе, жасөспірімдердің ішімдікке ерте жастан қызығуы алаңдатады. Мамандардың айтуынша, кей балалар 8-10 жасында ересектерге еліктеп, ішімдіктің дәмін татып көруге талпынады. Ал жасөспірім шақта бұл әуестік біртіндеп тұрақты әдетке айналуы мүмкін. Әлеуметтік зерттеулерде 13-15 жастағы ер балалардың 75 пайызы, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап шарап пен араққа дейінгі алкоголь өнімдерін ішіп көреді екен. 18-20 жастағылардың 80 пайызы алкогольдің дәмін татып көрген. Ауданымызда алкоголь өнімін заңсыз сатуға байланысты шаралар да қабылданып келеді. Жуырда алкоголь өнімдерін сататын екі дүкен лицензиясынан айырылды. Дегенмен ішімдікке қарсы күрес тек тыйым салумен шектелмеуі керек. Оның алдын алу, жастарға дұрыс бағыт беру және тәуелділікке шалдыққан азаматтарға дер кезінде медициналық көмек көрсету де аса маңызды.Осы мәселеге байланысты аудандық емхананың нарколог дәрігері Зарифа Шамшиденқызымен сұхбаттасып, алкогольге тәуелділіктің себептері, оны емдеу жолдары және жастар арасында ішімдіктің алдын алу мәселелері жөнінде сұрап білдік.
- Адамдардың маскүнемдік жолға түсуіне не себеп болады?
- Маскүнемдіктің қалыптасуына басты үш себеп бар. Бірінші әрі негізгі себептің бірі отбасындағы қиындықтар. Екінші фактор әлеуметтік жағдай мен қоршаған орта. Егер адамның айналасында ішімдікке құмар азаматтар көп болса, оның да ішімдікке салынып кетуі әбден мүмкін.Үшіншісі психологиялық фактор. Яғни адамның қоғамдағы орны, күйзеліске қарсы тұра алмауы, қандай да бір қиын жағдайда өзін психологиялық тұрғыдан ұстай алмауы ішімдікке әкелуі мүмкін. Ал биологиялық жағдайға тоқталсақ, жастар болашақ ата-ана. Баланың денсаулығы, он екі мүшесінің сау болып дүниеге келуі өте маңызды.«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, ең алдымен ата-ана өзін дұрыс жолға салып, баласына үлгі болуы керек. Қазақстанда алкогольді сусындар қолжетімді болып кетті. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап ішімдік кең тарай бастады. Әлеуметтік жағдай жоғарылаған сайын қазіргі жастардың алкоголь өнімдерін оңай сатып алуы да әдетке айналып барады. Көбінесе мектеп оқушылары энергетикалық сусындар, коктейльдер мен сыраны тұтынады. Бұл жастар арасындағы түйткілді мәселе. Той-томалақ, түрлі жиындарда ішімдіктің дастарханға оңай әрі үнемі қойылуы да өз әсерін тигізеді.Бұрын ішімдікке салынғандардың басым көпшілігі 50-60 жастағы азаматтар болатын. Қазір жас мөлшері өзгерді. 28-30 жастағы азаматтар арасында алкогольге тәуелділік кездеседі. Соңғы жылдары қыз-келіншектердің үлесі де көбейіп бара жатыр. Әйел адамның ағзасы алкогольге тез үйреніседі. Эмоцияға берілгіш болғандықтан, кей жағдайда ішімдік шырмауында қалып жатады. Ең бастысы әр адам өзімен, өз санасымен жұмыс істеуі керек. Жас кезінен ішімдікке әуес болған адам кейін 3-5 жылдың ішінде толықтай маскүнемдікке салынып кетуі мүмкін.
- Ауданымыздағы жағдай қандай? Неше тәуелді адам есепте тұр?
- Қазіргі уақытта алкоголь өнімдері барлығына дерлік қолжетімді деуге болады. Бұл өте қауіпті процесс. Жыл басындағы ауру саны-109 науқас.
Есепке алынғаны 8, есептен шығарылғаны 11. Қазіргі таңда есепте 104 науқас тұр. Олардың ішінде 69-ы алкоголизммен ауыратын науқастар, 35-і нашақорлық бойынша есепте тұрған науқастар. Ал ем алудан қашып, тіркелмей жүрген азаматтардың саны белгісіз. Емделуге келетіндердің көбі 30-дан енді асқандар. Өйткені олар ішімдікті ерте жастан бастап ішеді де, кейін бар болғаны бірнеше жылдың ішінде араққа салынып кетеді. Осылайша тәуелділіктің екінші, үшінші сатысына көтеріліп жатады. Бұл тек тіркеуде тұрған адамдар. Ал есепте тіркелмегендері қаншама?! Сондықтан мәселенің нақтысын бір ғана ресми көрсеткішпен бағалау қиын.
- Ішімдікке салынғандардың арасында әйелдердің саны көп пе, әлде ер адамдар басым ба?
-Әйелдер де, ер азаматтар да алкогольге тәуелді болады. Біздің қыз-келіншектер болашақ ана. Сондықтан олардың денсаулығы, олардан дүниеге келетін ұрпақтың жағдайы баршамызды алаңдатуы керек.Тәуелділік созылмалы ауру. Ал алкоголь мен шылым секілді зиянды әдеттер адамды жасанды тәуелділікке ұшыратады. Мұндай жағдайға түскен адамға одан шығу қиынға соғады. Әйелдер эмоцияға берілгіш болғандықтан, көп жағдайда өз тәуелділігін жасыруға тырысады. Ал 14-15 жастағы балалар энергетикалық сусындардан бастап, біртіндеп күшейтілген алкоголь өнімдерін тұтынуы мүмкін. Бұл өте қауіпті.
-Ішімдікке салынғандарды медицинада қалай емдейді? Одан толықтай арылудың жолдары бар ма?
-Өкінішке қарай, алкогольге тәуелді адамдар уақытылы дәрігерге жүгіне бермейді. Көбінесе тәуелділіктің екінші, үшінші сатысына жеткен кезде ғана емделуге келеді. Оған дейін бірнеше жыл ішімдік ішіп, денсаулығын әбден құртады.Бұрын тіркеуге бір жылға алсақ, қазір маскүнемдікке байланысты есепте тұрған азаматтар үш жыл бақылауда болады. Емделуге келетіндердің арасында жұмысын, отбасын жоғалтқан адамдар да бар. Олар «Мен тәуелді болып қалдым, маған көмек керек, емделгім келеді» деп өздігінен келе бермейді. Көбінесе жақындарының айтуымен немесе мәжбүрлі түрде жеткізіледі. Дегенмен кейін миындағы көзқарасын өзгертіп, өмірге деген жаңа ұстаным қалыптастырып, түпкілікті ішімдіктен бас тартатындар да бар. Бірақ бұл ұзақ уақытты талап етеді. Ал өз ойын, санасын емделуге дайындамаған адам ем қабылдағанымен, кейін зиянды әдетін қайта жалғастыруы мүмкін. Адам өзінің маскүнем екенін мойындамайынша, емделуге бірінші болып келуі қиын. Ең алдымен ауруын мойындап, таза ниетпен көмекке жүгінуі керек. Сонда ғана тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар. Алкогольге тәуелділікті емдеудің түрлі жолы бар. Өз еркімен келген адамды біз бірден есепке қоймаймыз. Бірақ өздігінен көмекке жүгінетіндер өте аз. Көбінесе үй ішінің айтуымен мәжбүрлі түрде әкеліп емдететін жағдайлар кездеседі. Өз еркімен келген тұрғындар болса Атырау қаласында орналасқан наркологиялық орталықта бір ай жатып емделеді. Ал мәжбүрлі түрде, қиын жағдайдағы адамдар үш айға дейін стационарда ем қабылдай алады. Олар тегін ем алады, нарколог мамандар мен психиатрдың бақылауында болады. Алкоголь пайдалану эмоционалды босаңсудың, еркінсудің алғышарты іспетті. Жалпы алғанда, ол жайлы, ыңғайлы сезімдерге бөлейді. Оны жиі пайдалану адамның санасында жайлы жағдай мен ішімдікті пайдалану арасында байланыс орнатып тастайды. Келе-келе адам босаңсуды, жан рахатын алкогольден алуға көшеді, үйренеді. Тек ащы сусын оның жанын жайландырушы құралға айналып шыға келеді. Одан кейінгі нәрселер ішімдік сияқты көңілінен шықпай жатады. Ішпейтін достары қызықсыз бола бастайды. Шаттану, қуану, көңіл көтерудің барлығы шараптың айналасына үйіріледі. Адам тек шарап арқылы әлгі жақсы сезімдерді бастан өткеремін деп ойлайтыны рас. Ішпеген күндер оның жанын жабырқатып, зеріктірмек. Алдымен, «керемет» көңіл күйге жеткізуші алкоголь тек демалыс күндері пайдаланылса, біртіндеп апта ортасына қарай көше бастайды. Адамның сенбі-жексенбіні күтуге шыдамы жетпейді. Сол себепті алкоголизмнен құтқаратын ең дұрыс профилактика өзінің жаны қалайтын хоббимен шұғылдану. Еге ішімдікке деген әуестік артып бара жатса, жүрегіңізге жақын қызықты іспен шұғылданыңыз. Ол мүмкін музыка, түрлі аспаптар, сурет салу, басқа да түрлі өнер түрлері. Себебі алкогольге тәуелділік тек физиологиялық емес, психологиялық тұрғыдан да қалыптасады. Сондықтан адамның ойын басқа арнаға бұрып, күйзеліс пен бос уақытты ішімдікпен емес, пайдалы әрі қызықты іспен алмастырудың маңызы зор.
-Ішімдік адамның қай ағзасына ауыр зардабын тигізеді?
-Алкоголь - у. Ол адам ағзасының барлық мүшесіне зиян келтіреді. Ең бірінші зақымданатын ағзалардың бірі бауыр. Соның салдарынан бауырдың түрлі аурулары, соның ішінде цирроз пайда болуы мүмкін. Шамадан тыс ішімдік ішу асқазанға, орталық жүйке жүйесіне, өкпеге, ұйқы безіне, ішек пен бүйрекке зиян келтіреді. Жүрек қағысының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ бедеулікке, қан қысымының жоғарылауына, ұйқының бұзылуына себеп болады. Жүрек-қан тамырлары аурулары алкогольге тәуелді адамның өмірін қысқартуы да мүмкін. Ішімдікке салынғандардың өмір салты өзгереді. Оған қоса шылым шегетіндер де көп кездеседі. Ал алкоголь мен темекіні қатар қолдану адамның денсаулығына түсетін салмақты одан әрі арттырады. Адамның миына да әсер етеді, түрлі бас аурулары пайда болуы мүмкін. Өкінішке қарай, алкогольді шамадан тыс тұтыну қатерлі ісік қаупін де арттырады. Алкогольдің зияны адамның ағзасымен ғана шектелмейді. Оның әлеуметтік салдары да ауыр. Адамның жағдайы төмендеп, мәселелері көбейеді. Отбасындағы жанжал, ажырасу сияқты жағдайларға да ішімдіктің әсері тиіп жатады. Оған қоса, қоғамдағы қылмыстық жағдайдың ушығуына да алкогольдің әсері бар екені белгілі. Ащы су адамның санасын тұмшалап қана қоймай, өзіне де, айналасына да қауіп төндіреді.
-Жастарды ішімдіктен алыстату үшін не істеу керек маман ретінде кеңесіңіз?
-Ащы судан, зиянды әдеттен жастарды алыстату үшін ең алдымен әр отбасында дұрыс тәрбие берілуі керек. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен. Салауатты өмір салтын ұстанғанымыз абзал. Қазіргі уақытта барлық емханаларда дерлік психиатр-нарколог дәрігерлер жұмыс істейді. Біздің ауданымызда да дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетуге дайын. Егер адам алкогольге тәуелділіктің бастапқы кезеңінде болса, бірден дәрігерге жүгінуге кеңес беремін. Өкінішке қарай, көп адам алкоголь немесе есірткі қолданғанын жасырып жүреді. Кейін бұл әдет созылмалы дертке ұласып, ауру асқынып кетеді. Қазақта жақсы сөз бар: «Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады» дейді. Сондықтан жастардың болашағы жарқын, ғұмыры бақытты болсын десек, барлығымыз өз әрекетімізге жауапкершілікпен қарап, дұрыс жолды таңдауымыз керек. Тағы бір айта кетерім, осы мәселе бойынша басқа да аудандық бөлімдер мен басқармалармен бірлесіп, жиі-жиі жиналыстар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылса игі еді. Өйткені денсаулықты қорғау тек медицина саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
-Сұхбатыңызға рақмет!
А.Ерденқызы



