Құлсары қаласына - 25 жыл. Осыған орай қала күні биыл ерекше форматта аталып өтті. Үш күнге созылған мерекелік шаралар гала-концерттен басталып, шахматтан сайыс пен ұлттық ойындар жарысына ұласты. Құлсарылықтар үшін ұйымдастырылған әр шараның өзіндік мәні мен мазмұны бар. Мерейтойдың шымылдығы гала-концертпен ашылды. Концерт бағдарламасы «Тылсымнан туған Құлсарым» атты поэзиялық-хореографиялық театрландырылған қойылыммен басталды. Ұ.Бекұзақтың «Өркендей бер, Құлсарым!» өлеңіне қойылған екі минуттық композицияда қаланың өткені мен бүгінгі келбеті сахналық қойылым арқылы көрініс тапты.
Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова сөз сөйлеп, барша тұрғындар мен қала қонақтарын Құлсары қаласының 25 жылдық мерейтойымен құттықтап:
-Құрметті жылыойлықтар! Баршаңызды бүгінгі қаламыздың төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мұнайлы өлкеміздің бақ-берекесі артып, жаңғырып, жайнай берсін!,-деді.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сахнада мәдениет саласының өкілдері мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрерменге ән мен биден шашу шашты. Ал кештің ерекше сәттерінің бірі - танымал эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуі болды. Қазақстандық орындаушылар Тұрар Ыдырыс, Фархат Қалиев (Kalifarniya) және Садраддин Болат (Sadraddin) өздерінің танымал әндерін тарту етті. Әсіресе жастардың қарасы қалың болды. Танымал әндерге қосылып, сүйікті орындаушыларымен бірге ән шырқаған көрерменнің көңіл күйі кеш бойы жоғары болды. Мерекелік кештің нүктесі отшашумен қойылды. Құлсарының 25 жылдығына арналған гала-концерт осылайша қала тұрғындары үшін жарқын әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған кешке айналды.
Қала мерейтойы аясында спорттық шараларға да ерекше мән берілді. Соның бірі – шахматтан өткен аудандық турнир. Зияткерлік додаға ауданның әр елді мекенінен және түрлі жас санатындағы 100-ге жуық шахматшы қатысып, өзара бақ сынады. Турнирге балалар мен жасөспірімдерден бөлек, ересектер, әйелдер және ардагерлер де қатысты. Жас шахматшылар тәжірибелі ойыншылармен иық тірестіріп, өз шеберліктерін сынады. Шахмат тақтасында әр жүрістің өзіндік мәні бар. Қатысушылар қарсыласының келесі қадамын алдын ала болжап, тиімді тактика құруға тырысты. Кейбір партиялар бірнеше минутта аяқталса, енді бірі ұзаққа созылып, соңғы жүріске дейін тартысты өтті. Бұл жарыс шахматсүйер қауымның басын қосқан зияткерлік бәсеке болды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің көптеп қатысуы олардың бұл спорт түріне деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Жарыс қорытындысында үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Оларды қала әкімі Қадыржан Адинов арнайы марапаттап, үздіктерге сыйлықтар табысталды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер жас шахматшылардың тәжірибе жинақтап, өзара шеберліктерін шыңдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар шахмат арқылы балалардың логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге, сабырлылық пен шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға жол ашылады.
Мерейтойдың үшінші күні Құлсарыда ұлттық спорт түрлерінен ауқымды жарыс өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен, Атырау облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өткен республикалық деңгейдегі додаға еліміздің әр өңірінен спортшылар жиналды. Бәйге алаңында ат спортының бірнеше түрімен қатар, жамбы ату, аударыспақ және қазақ күресінен де тартысты сайыстар ұйымдастырылды. Додаға еліміздің әр өңірінен келген спортшылар өзара мықтыны анықтады. Бәйгенің әр қашықтығы өзіндік тартысымен ерекшеленді. 6 шақырымдық тай бәйгеге 25 шабандоз қатысса, 15 шақырымдық топ бәйгеде 24 жүйрік сынға түсті. Ал 27 шақырымдық аламан бәйгеде 23 шабандоз бақ сынады. Бұл жарыста көпшілік назарын аударған сәттердің бірі бәйгеге қыздардың да қатысуы болды. 6 шақырымдық қашықтықта Медина Сүйін, 15 шақырымда Ханым Ізім атқа қонып, ер шабандоздармен қатар додаға түсті. Бұл ұлттық спорттағы қыздардың да өз мүмкіндігін көрсетіп жүргенінің бір көрінісі. Бәйге басталған сәтте-ақ алаңдағы ахуал өзгерді. Шабандоздар сәйгүліктерін баппен алып, қашықтықтың әр кезеңін есеппен еңсеруге тырысты. Ал мәреге жақындаған сайын жүйріктердің қарқыны артып, тартыс күшейе түсті. Көрермен де жарыстың әр сәтін жіті бақылап, көмбеге бірінші жеткен шабандозды тағатсыздана күтті.
Ат жарысымен қатар алаңның өзге бөліктерінде де ұлттық спорттың көрігі қызды. Жамбы атудан мергендер нысананы дәл көздеп, мергендік шеберлігін көрсетті. Аударыспақта спортшылардың күші мен ептілігі сыналса, қазақ күресінде балуандар боз кілемде белдесіп, қарсыласынан басым түсуге ұмтылды. Мұндағы әр сайыстың артында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр жатыр. Бәйге – ат баптаған бабаның, жамбы ату – мергендік өнердің, аударыспақ пен қазақ күресі – күш пен ептіліктің мектебі. Сондықтан бұл жарыс тек жүлде үшін талас емес, ұлттық спорттың бүгінгі тынысын танытқан ауқымды шара болды. Ал көрермен үшін бұл ұлттық ойындардың қызуын көзбен көріп, дәстүрлі спорттың қадірін сезінуге мүмкіндік берген күн. Жарыс қорытындысында өз спорт түрінен үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Оларға қаржылай сертификаттар мен арнайы марапаттар табысталды. Айта кету керек, қаламыздың мерейтойын тойлауға арналған мерекелік іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келеді.
А.Ерденқызы



