Жаңа Конституция жобасындағы 32-бапта әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға құқығы бар екені және заңда белгіленген медициналық көмекті ақысыз алу мүмкіндігі нақты айқындалған. Бұл нормаларды халықтың өмірін қорғауға бағытталған аса маңызды құқықтық кепілдік деп білемін.
Жедел медициналық көмек – тәулік бойы тоқтаусыз қызмет ететін, адам өміріне тікелей жауапты сала. Әр шақырту – үлкен жауапкершілік, әр минут – шешуші уақыт. Осындай сәттерде азаматтардың шұғыл әрі сапалы көмекке қол жеткізу құқығының Конституциялық деңгейде бекітілуі бізге қосымша міндет жүктейді. Бұл – қызмет сапасын арттыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және кадрлардың кәсіби деңгейін тұрақты жетілдіруге серпін беретін норма.
Сонымен қатар, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда ақылы қызмет алу мүмкіндігінің заңмен реттелуі денсаулық сақтау жүйесінің дамуына ықпал етеді. Алайда шұғыл көмек көрсету кезінде ең басты қағида – жеделдік пен қолжетімділік. Азаматтың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, өмірін сақтап қалу – біздің басты міндетіміз.
Конституциялық өзгерістер саладағы жүйелі реформалардың жалғасуына, жедел жәрдем қызметін жаңғыртуға және халық сенімін арттыруға негіз болады деп сенемін. Себебі адам өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің ең жоғары құндылығы.
Наргиз НҰРИТДИНҚЫЗЫ,
Атырау облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары



