Президенттен погон алған Ақерке тергеуші атанды

Елге қызмет ету – үлкен жауапкершілік жүктейді.

Заң мен әділдікті ту еткен құқық қорғау саласында бұл жауапкершіліктің жүгі салмақтырақ болады. Қызмет жолын енді бастаған жас маман үшін алғашқы қадамның орны да ерекше. Ал сол жолды ел Президентінің қолынан алған офицерлік погонмен бастау – зор сенім мен мәртебе.

Осындай жауапты жолды таңдаған Ақерке Серікқали Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясын биыл үздік тәмамдады. Жуырда үздік түлектерге арнайы атақ табыстау рәсімінде оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полиция аға лейтенантының алғашқы арнайы атағын табыстады.

– Президент қолынан алғашқы арнайы атағымды алу мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік болды. Ендігі мақсатым – сол сенімді ақтап, таңдаған мамандығымды абыроймен атқару, – дейді Ақерке.

Оның айтуынша, бұл сәт жүрегінде ерекше із қалдырған.

Академияда алған білімін енді іс жүзінде шыңдауға кіріскен жас офицер Атырау облысы Полиция департаментінің тергеу қызметіне қабылданып, тергеуші болып еңбек жолын бастады.

Тергеуші қызметі ұқыптылық пен сабырды, терең білім мен байыпты шешімді талап етеді. Мұнда әр деректің мәні бар, әр шешімнің артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан жас маман үшін заңды жетік білуімен қатар, әр іске адамгершілік тұрғыдан қарау да маңызды.

– Әр істің артында адам тағдыры барын түсінемін. Сондықтан кез-келген істі жан-жақты зерделеп, заң талаптарын сақтай отырып жүргізу керек, — дейді жас тергеуші.

Ақеркенің кәсіби жолы енді басталды. Кеше ғана академия қабырғасында білім алған жас маман бүгін ел тыныштығы мен тұрғындардың құқығын қорғауға атсалысатын офицерлер сапына қосылды.

Президент қолынан алған алғашқы погон жас офицерге үлкен міндет жүктейді. Ендігі жерде заңға адалдық, әр іске тиянақтылық пен адам тағдырына жауапкершілік оның қызметіндегі басты ұстаным болмақ.

«Жас келсе – іске» дегендей, білімді де жігерлі жастың ел қызметіне араласуы көңілге қуаныш ұялатады. Ақеркенің алғашқы қадамы нық, қызмет жолы абыройлы болсын.

 

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT