Аудандық Отбасын қолдау орталығында мобильдік топ мүшелерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлнафис Айшуақова, аудан прокуроры Жұлдыз Қуанышбекова, аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Нәсіпкерей, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Рысты Мұқанова мен полиция майоры Жазира Молдабаева, Отбасын қолдау орталығының мамандары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Отбасылық тұрмыстық салада қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру «дөңгелек үстел» өткізудің басты мақсаты еді.
Бүгінде аудандық Отбасын қолдау орталығы жанынан құрылған мобильді топ өз жұмысын қарқынды түрде жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта оның құрамында 200-ге жуық маман қызмет атқарады. Олардың барлығы – мемлекеттік қызметкерлер.
Мамандардың айтуынша, биылдан бастап «FSM social» атты жаңа жоба іске қосылған. Аталған жоба отбасы институтын цифрландыруға бағытталған заманауи бастама болып табылады. Жоба аясында әрбір отбасының электронды профилі жасақталады. Бұл жүйе арқылы азаматтардың өтініштері, оларға көрсетілген қызметтер, сондай-ақ мамандардың атқарған жұмыстары толықтай тіркеліп, бір орталықтан бақыланады. Нәтижесінде көрсетілетін көмектің ашықтығы мен тиімділігі арта түседі.
Жиын барысында осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланып, өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Басқосуға аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлнафис Айшуақова сөз сөйлеп, сала мамандарымен бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттерді нақтылап, тиісті тапсырмалар жүктеді.
- Алдағы уақытта Отбасын қолдау орталығының жұмысы одан әрі тиімді болуы үшін білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандарымен тығыз әрі үйлесімді қарым-қатынас орнату – айрықша маңызға ие. Себебі отбасы мәселелері тек бір саламен шектелмей, кешенді түрде қарастыруды талап етеді. Осы ретте түрлі мекемелердің өзара ықпалдастығы нақты нәтижеге қол жеткізудің негізгі тетігі болмақ. Сонымен қатар «FSM social» жобасы аясында түсетін сигналдардың уақытылы қабылданып, жедел әрі сапалы өңделуін қатаң бақылауда ұстау қажет. Бұл жүйе тек ақпарат жинақтау құралы ғана емес, сонымен қатар нақты әрекет ету алаңы екендігін естен шығармаған жөн. Әрбір түскен өтінішке жауапкершілікпен қарап, кәсіби деңгейде жұмыс жүргізу – басты міндеттердің бірі,-деді ол.
2025 жылы аудандық Отбасын қолдау орталығы арқылы 200-ге жуық азаматқа түрлі бағытта көмек көрсетілген болса, биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде-ақ 60-қа жуық адам қажетті қолдауға ие болған. Бұл – орталық жұмысының жүйелі жүргізіліп, халық тарапынан сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
Отбасындағы түйткілдердің түпкі себептерін анықтау мақсатында аудандық Отбасын қолдау орталығының басшысы Айнагүл Нұрланқызына «Қазіргі таңда ажырасудың басты себебі неде?» деген сауал қойылған болатын. Ол өз сөзінде бүгінгі қоғамда отбасылық жанжалдардың жиі қайталануына ең алдымен жұмыссыздық мәселесі әсер етіп отырғанын атап өтті.
– Қазіргі таңда көптеген отбасыларда тұрақты табыстың болмауы түрлі келеңсіз жағдайларға алып келуде. Ер азаматтардың тұрақты жұмысының жоқтығы кейде олардың теріс жолға түсуіне себеп болып жатады. Сонымен қатар вахталық жұмыс тәсілінің ұзақтығы да ерлі-зайыптылардың бір-бірінен алыстап, арадағы сенімнің әлсіреуіне ықпал етеді. Көңілдің бөлінбеуі, өзара қолдаудың жеткіліксіздігі де отбасы берекесіне кері әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, ене мен келін арасындағы түсініспеушіліктер де жиі кездеседі,-деді ол.
Сондай-ақ орталық басшысы қоғамда қалыптасқан бір қате пікірге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, көпшілік Отбасын қолдау орталығы тек ер мен әйел арасындағы ажырасу мәселелерімен айналысады деп ойлайды. Алайда бұл түсінік шындыққа жанаспайды.
– Отбасы тек ерлі-зайыптылардан ғана тұрмайды. Оның құрамына ата-әже, бала – барлық отбасы мүшелері кіреді. Сондықтан біздің жұмыс тек ажырасу немесе ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңмен шектелмейді. Отбасында қандай да бір мәселе туындаса, әрбір азамат біздің орталыққа келіп, көмек сұрай алады,-дейді ол.
Айта кету керек, мұндай мазмұндағы басқосулар жыл сайын төрт рет ұйымдастырылады. Бұл – биылғы жылдың алғашқы отырысы. Жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, арнайы топтарымен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар аталған бағыттар бойынша профилактикалық шараларды күшейтудің аса маңызды екенін атап өтті.
Басқосу соңында аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлнафис Айшуақова жауапты мекемелермен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты шешім қабылдады. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстар қоғамдағы тұрақтылықты бекемдеп, өмірлік қиын жағдайға душар болған отбасыларға көрсетілетін қолдауды арттыруға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болатын маңызды бастамалардың бірі саналады.
А.Мейрамбайқызы



