Қала келбетін жаңғырту – уақыт талабы. Әсіресе өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бері жылыойлық тұрғындарға қызмет етіп, бүгінде тозығы жеткен ғимараттардың орнын заманауи нысандармен алмастыру елді мекеннің дамуына серпін береді. Осы бағыттағы жұмыстар ауданымызда жиі әрі қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда қаламызда Махамбет даңғылы мен №153 көшесінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер сүріліп, олардың орнына жаңа қоғамдық кеңістің кеңсесін салу жоспарлануда.
Кезінде талай отбасының шаттығы мен қуанышына куә болған екі қатарлы үйлер бүгінде тарих қойнауына кетіп барады. Әбден тозығы жеткен көне баспаналар, атап айтсақ №11, №45 және №10 тұрғын үйлер бүгінде демеушілікпен бұзылуда. Мұнда барлығы 36 пәтер орналасқан. Оның ішінде 8 нысан кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылған. Аудан әкімі орынбасары Аманжол Айдашевтың мәліметінше, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға бағалау және зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қорытындысына сәйкес өтемақы төленген. Бұл туралы аудан әкімі орынбасарының өзі:
- Бүгінде тұрғындар мен кәсіпкерлер толықтай өтемақыларын алып, көшу жұмыстарын аяқтады. Олардың барлығы да өзіміздің ауданға орналасты. Ал бұзу жұмыстарына келетін болсақ, қазір 1900-ші жылдардан бастап салынған, тозығы жеткен тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен бұзу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар арнайы жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Сүріліп жатқан үш тұрғын үйдің орнына мемлекеттік қажеттілікке байланысты жаңа жоба дайын тұр,-дейді толығырақ.
Бұзылған үйлердің орнына алдағы уақытта Құлсары қаласының орталық алаңы салынбақ. Жаңа жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, бүгінде нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзір тұр. Ал құрылыс жұмыстарын 2026-2027 жылдары жүзеге асуды көздейді. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспекторы Еркебұлан Жұмабаев:
- Жоба толық дайын болғанымен, құрылысқа қажетті қаржы көлемі әлі нақтыланбады. Қазіргі таңда бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Қаржыландыру бекітілгеннен кейін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, құрылыс жұмыстары бірден басталады,-деді ол. Айта кететін жайт, жыл соңына дейін бұдан бөлек қаламыздағы «ПНГС» ықшам ауданында орналасқан 12 тұрғын үй мен «ГазПром» ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйді бұзу жоспарланып отыр. «Бұл шаралар қала келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған»дейді жауаптылар.
Д.Дербіс



